Тексеруші топ тәртіп бұзған мекемелерге анықталған фактілер бойынша хаттама толтырып, әрі қарай тиісті органға жолданды
Алматыда карантин талаптарын сақтамайтын кәсіпкерлік нысандар азаймай тұр. Сол үшін қалалық штабтың мамандары күні-түні рейд жүргізіп, мекемелерді тексеріп жатыр. Нәтижесінде мониторингтік топ Медеу және Алмалы ауданында орналасқан бірнеше бардың үстінен түсіп, жұмысын әшкереледі. Тіпті, түсірілім тобына да қарсылық танытқандар болды. Бұл жөнінде Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов зерттеу жасады.
Қалалық штабтың мамандары өткен демалыс күні Достық даңғылының бойында орналасқан түнгі бардың үстінен түсті. Мұнда келушілердің көптігі сонша ‒ іші де сырты да адамға лық толы. Кейін Медеу аудандық мониторингілеу тобы санитарлық талап бұзылғандықтан, мекеме әкімшісіне анықталған фактілер бойынша хаттама толтырылған.
«Бүгінде қалада эпидахуал күшейіп жатқандықтан, тексеріс жұмыстары да көбейіп жатыр. Медеу ауданында 4 мониторингтік топ жұмыс істейді. Сол үшін де кәсіпкерлерден өтінерім барлық санитарлық талаптарды сақтап, тәртіпке бағыныңыздар», ‒ деді Қалалық кәсіпкерлер палатасының Медеу аудандық филиалының директоры Самал Орасаева.
Ал, Әл-Фараби даңғылының бойында орналасқан бұл мекеме музыканы қатты қойса керек, тұрғындардың тыныштығын бұзған. Шағым түсе салысымен барғанда мейрамхана күзетшілері түсірілім тобына қарсылық көрсетіп, ішке кіргізбеуге тырысыпты.
Анықталғандай, бұл кәсіпкерлік нысан да келушілерді шамадан тыс қабылдаған. Естеріңізде болса, мекеме осыған дейін бірнеше мәрте тәртіп бұзып, көзге түскен еді. Амалы қалмаған мамандар осы жолы да хаттама толтыруға мәжбүр болған.
«Қала тұрғындарын осындай көпшілік орындарға бармауын сұраймыз. Сонымен қатар, карантин талаптарын да сақтауды сұраймыз», ‒ деді Қалалық кәсіпкерлер палатасының өкілі Қуанышбек Жақсыбек.
Кейін мониторингтік топ Алмалы ауданына қарасты Абылай Хан даңғылының бойында орналасқан мекемені әшкереледі. Мұнда да адамдар көп әрі Ashyq бағдарламасы болса да онымен тексеріп, кіргізіп жатқан ешкім жоқ. Ал, мекеме әкімшісі болса, біраз уақытқа дейін қарсылық танытқан.
«Алмалы ауданында 4 мобилдік топ жұмыс істейді. Екеуі күндіз енді екеуі түнде. Алдағы уақытта мониторингтік топ осы бағытта жұмыс істей береміз. Кәсіпкерлерге айтарымыз жұмысшыларына бетпердесін кигізіп, келген адамдарды Ashyq бағдарламасымен тексеріп кіргізуін сұраймыз», ‒ деді Алмалы аудандық Кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Ғапур Бақтияр.
Тексеруші топ тәртіп бұзған мекемелерге анықталған фактілер бойынша хаттама толтырып, әрі қарай тиісті органға жолданды.