Halyk Arena спорт кешенінен науқастар үшін қосымша орын ашылады

Instagram.com/sagintayev.b/
Instagram.com/sagintayev.b/
Әр ауысымда 40 дәрігер кезекшілікке шығады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда коронавируспен ауырған адамдарды емдейтін қосымша орындар дайындалып жатыр. Осындайда пайдалануға тиімді, аумағы кең орындардың бірі «Халық Арена» мұз айдыны.  Бүгін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бұл нысанды инфекциялық стационарға бейімдеу жұмыстарының қарқынымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Коронавирус эпидемиясына қатысты сценарий күннен күнге өзгеріп жатқанын білесіздер. Президент науқастар жататын резервтік орындар дайындауды тапсырған болатын. Осыған орай біз «Халық Арена» спорт кешенін таңдадық. Өйткені инфрақұрылым және эпидемиялогиялық тұрғыда сай келетін нысанның бірі осы. Оның үстіне әлемдік тәжірибе көрсеткендей, науқастарды емдеуде дәл осындай аумағы кең нысандарды пайдаланған абзал. Мұнда мың науқасқа орын қарастырылған. Оларға 800 медициналық маман қызмет көрсететін болады», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан надыров.

Осында жұмыс істейтін мамандар қазір ПТР тест тапсырып, жылдамталыған оқу курстарынан өтіп жатыр. Қаланың бас дәрігері Қамалжан Надыровтың сөзінше, жаңа стационарда емделетін науқастар интенсивтік терапия алатын болады. Сондай-ақ, тиісті құралдармен жабдықталған 60 орындық жан сақтау бөлімін ашу жоспарланған. Ақ халаттылардың қауіпсіздігі де жан-жақты қарастырылыпты. Қорғаныс киімдері мен басқа да құралдар жеткілікті.

«Халық Арена» спорт кешені толықтай жұқпалы аурулар ауруханасына айналды десек болады. Ғимараттың іші мынадай бөлмелерге бөлінген. Мұнда жатқан адамдарға барлық жағдай жасалған. Әр 25 науқасқа 1 кезекші дәрігер қарастырылыпты. Ол осындағы пациенттердің жағдайын 24 сағат бойы бақылайтын болады.

Аурухана ішінде жүріп-тұру навигациясы мен ауаны желдету жағы бүге-шүгесіне дейін ойластырылған. Жедел-жәрдем қызметі науқастарды бөлек есіктерден кіргізеді. Ауаны сорып алатын және залалсыздандыратын құрылғылар бар. Әр ауысымда 40 дәрігер кезекшілікке шығады. Спорт кешені деген аты болмаса, толыққанды инфекциялық аурухана.  

«Екі адамға арналған бокстардың қабырғалары сапалы материалдан жасалған. Яғни, дезинфекция жүргізілгенде санитарлық тазалық ұзақ уақытқа дейін сақталады. Бөлмелер жиі тазаланып, ылғалдандырылып тұрады. Науқас емделіп шыққаннан кейін ғимарат толығымен залалсыздандырылады. Бұл осында жатқан адамдар мен дәрігерлердің қауіпсіздігі үшін жасалатын шара», – деді  уақытша госпиталь басшысы Ержан Құттықожин.

Қалада коронавируспен ауырған науқастарды емдеуге 21 медициналық ұйым жұмылдырылған. Осы күні Алматыда 4 мың 700 төсек бар. «Халық Аренада» тағы мың адамды жатқызуға болады. Одан бөлек басқа да  медициналық мекемелер мен шипажайларды осындай мақсатта пайдалану жоспарланып отыр. Осылайша коронавируспен ауыратын науқастар үшін резервті емдеу орындарын дайындау туралы президент тапсырмасы орындалып жатыр.

Өмір Әнуарбек Мұрат Тайжанов Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров