Алматыда кәсіпкерлерге арналған санитарлық талап жеңілдетіле ме

20.02.2021 00:36

Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді

Алматыда кәсіпкерлерге арналған санитарлық талап жеңілдеуі мүмкін. Бағалау матрицасының көрсеткішіне сай шаһар 2 аптадан бері жасыл аймақта. Бұл туралы бүгін Атамекен кәсіпкерлік палатасында өткен дөңгелек үстелде қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Айтуынша, бұл қалып сақталса, қаулыға өзгерістер енгізіліп, тамақтану орындары мен қатар мәдениет ошақтары және кинотеатрларға келетін көрермендер санының артатынын айтты. Еске салайық, соңғы қаулыға сәйкес, дәмханалар түнгі 12-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат. Ал, театрлар сыймдылығына қарай 30 пайызға дейін көрермен қабылдауына болады. Одан бөлек, шара барысында дәмхана қожайындары санитар дәрігерге жұмыс істейтін уақытты ұзарту туралы өз ұсыныстарын жеткізді.  

«Егер қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақытын ұзартса, шыққан шығынды да кезең-кезеңімен жабуға мүмкіндік туады. Қазір кәсіпкерлердің қарызы 5 миллионнан жоғары. Біздің жалға алып отырған ғимарат үшін коммуналдық төлем үшін шығатын шығынды қазіргі кірісіміз жаппайды. Карантин шараларында кәсіпкерлерге аз болса жеңілдік қарастырылуын сұраймыз», – деді қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова.

Алайда қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақытын ұзарту өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға тікелей байланысты екен. Егер осы аптада эпидахуал тұрақталса, кәсіп иелерінің де өтініші орындалмақ. Десе де, сақтық шараларын назарға алмайтындар жоқ емес. Жыл басынан бері жүргізілген мониторинг нәтижесіне сәйкес, 454 нысанға айыппұл салынып, іс-құжаттар жауапты мекемелерге жолданған. 

«Өздеріңіз білетіндей, қала әкімінің қаулысына сәйкес, 32 мониторинг топ жұмыс істейді. 8 ауданның ішінде бізде нысандар тығыз орналасқан аумақтар ол: Медеу, Бостанды, Алмалы аудандарында», – деді коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі комиссия мүшесі Рауан Есіркенов.