Қала күніне орай Әбілхан Қастеев атындағы Өнер мұражайының жанындағы сквер мен субұрқақ жаңартылды. Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев музейдің іргелес аумағындағы абаттандыру жұмыстарын көріп қайтты. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері алғаш рет жаңарған аймақ өзерістерімен Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы танысып қайтты.
Әбілхан Қастеев атындағы Өнер мұражайының жаңарған келбетімен танысу үшін қала басшысы Бақытжан Сағынтаев мұнда арнайы келді. Тарихи қалыптасқан ландшафты көгалдандыру жобасына жаңа тәсілдерді енгізу арқылы жүргізілген жұмыстардың нәтижесімен жеке танысып, жоғары баға берді. Сондай-ақ, мұнда қала күніне орай суретшілердің туындылары назарға ұсынылды. Одан бөлек, мұнда алматылықтардың жылы лебіз қалдыруына арналған тілек тақтайшасы да орнатылыпты. Осылайша, жаңарған аумақта ерекше мерекелік көңіл-күй орнады. Ал, музей қызмекеткерлері бұл жер шаһардың тағы бір демалыс орнына айналғанына қуанышты екендерін жеткізді.
«Қала тұрғындары бос уақытын әдемі жерде өткізуі үшін осындай сквер құрылып отыр. Тұрғындар тек музейге келіп картиналарды тамашалап қана қоймай, осы скверде демалып, отбасымен бірге тынығып қайтуға мүмкіндік береді», – деді Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы директорының орынбасары Алтынжан Қожамұратова.
Қайта жаңарту жұмыстары кезінде екі жарым мың шаршы метр аумақ абаттандырылып, 15 прожектор орнатылған. Субұрқақтың сорғы жүйесінің жұмыс принципі сарқырамамен ауыстырылды. Ал, тұрғындарға түнгі уақытта да серуендеу қолайлы болуы үшін жарық жүйесі жүргізілген. Мамандардың айтуынша, бұл жаңашылдық алматылықтардың мәдениет нысанына деген қызығушылығын арттырады.
«Біз бұл аумақты кешенді түрде жөндеген дұрыс деп шештік. Сәулеті өзгеше ғимарат, жаңарған субұрқақ пен алаң әдемі үйлесімде болуы керек. Шығармашылық ескен аумаққа қала тұрғындарының назары көбірек ауып, мәдени ошаққа келушілер қатары артады деген ойдамын», – деді Қалалық жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская.
Айта кету керек, өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған музей алдындағы сквер мен субұрқақ алғаш рет реставрацияланып отыр. Сәулетші мұражай ішіндегі құнды жәдігерлер енді сыртқы ортамен көркем үйлеседі деген пікірін білдірді.
«Жаңарту жұмыстарын жүргізудегі мақсаттың бірі – аумақты көліктен тазарту болды. Бұрын тұрақтың кесірінен аумақ жөнді көрінбейтін еді. Біреулер білсе, біреулер ғимараттың мұражай екенін білмейтін. Айналаны сквер ретінде жасақтау өте дұрыс шешім деп санаймын», – деді сәулеті Владислав Филатов.
Бұған дейін бос жатқан бұл аумақ көлік тұрағы еді. Енді мұражайдың шығармашылыққа толы атмосферасын сезіндіретін скверге айналды. Ал, жаңадан іске қосылған субұрқақ кімді де болсын шабыттандыра түсетіні сөзсіз. Осынау әдемі үйлесім жай ғана өтіп бара жатқан жандарды да еріксіз сырға толы музейге тартады.
Бұл өзгерістер қала тұрғындарының да көңілінен шықты. Мәселен, Фарида Қаматайқызы бұл жер немерелеріммен қыдыратын сүйікті орынға айналды дейді.
«Бұрын көлік тұрағы тұрған. Қазір жағдай жасалған, бәрі болып тұр. Немерелерімді ойнатып, серуендеп қайтуға өте қолайлы екен. Рақмет!» – деді қала тұрғыны Фарида Қаматайқызы.
Еске салсақ, Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы еліміздің ең ірі көркемсурет музейі әрі бейнелеу өнері саласындағы жетекші ғылыми-зерттеу мен мәдени-ағарту орталығы. Жаңарған келбетімен көпті қызықтыратын бұл жерде енді көпшілік демалып, тыныстай алады.
Жанар Ғаниқызы, Ғани Қалуов «Алматы» телеарнасы