Алматыдағы кинотеатрлар Ashyq қосымшасы арқылы қалай жұмыс істейді

20.04.2021 01:00

Алматыда «қызыл мәртебесі» бар 200-дей адам бизнес нысандарға кірмек болған

Алматыда «қызыл мәртебесі» бар 200-дей адам бизнес нысандарға кірмек болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олар коронавирус жұқтырғанын біле тұра, көпшілік баратын жерлерге кіруге ұмтылған. Алайда Ashyq қосымшасының арқасында індетке шалдыққандар нысандарға кіргізілмеді. Қазір бағдарламаға қаладағы фитнес және СПА орталықтар мен компьютерлік клубтар қосылған. Ал, бірер күн бұрын қосымшаның көмегімен кинотеатрлар да жұмысын қайта жандандырды.

17 сәуірден бастап қаладағы 5 кинотеатр желісі киносүйер қауымды қайта қабылдап жатыр. Келушілер залдарға тек Ashyq қосымшасы арқылы кіргізіледі.

«Бүгінде  талапты бұзған 5 қала тұрғыны анықталды. Яғни, олар үй карантинін сақтамай кинотеатрларға фильм тамашалауға барған. Алайда кинотеатр қызметкерлері «қызыл статусы» бар келушілерді байқап, оларды ішке кіргізбей, дереу қайтарып жіберді», – деді  қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов.

Елдегі коронавирустық ахуалға байланысты кинотеатрлар 8 айдай жабық тұрды. Нәтижесінде кәсіпкерлер қыруар шығынға батып, мыңдаған адам жұмыссыз қалған еді.

«Жақында біз карантинге жабылғанбыз 1 айға. Бірақ біз ашық бағдарламасы арқылы қайда ашылдық. Ashyq қосымшасы туралы айтсақ, ол ыңғайлы бағдарлама. Халыққа да, бізге де жұмыс жасауға ыңғайлы», – деді кинотеатр қызметкері Ибрагим Ғабдраш.

Кинотеатрлар қайта ашылғанмен, күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Залдардың толымдылығы 20 пайыздан аспауы керек. Сондай-ақ, әр сеанстан соң 45 минуттай дезинфекция жасалады.

«Ashyq қосымшасы қазір бізге қайта жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Ондағы әрбір азаматтың 4 түрлі статусы бар. Жасыл және көк түсті көрсетсе, онда ол адамдар ешбір кедергісіз ішке кіре алады. Ал, сары және қызыл түсті статусы бар тұрғындарға қоғамдық орындарға баруға болмайды», – деді кинотеатрлар желісінің бас директоры Бауыржан Бисимбаев.

Ал шаһар бойынша жалпы 300-ден аса шағын және орта бизнес нысаны Ashyq қосымшасы бойынша жұмыс жасауда. Олардың қатарында жаттығу залдары, компьютерлік клубтар мен спа-орталықтары бар. Жақын арада бұл тізімге дәмханалар да қосылмақ.

Сымбат Ноғай, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы