Алматыда пандемия басталғалы бері науқастарға арналған төсек саны 12 есеге артты

almaty.tv
almaty.tv
Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров мәлімдеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда коронавирус індетінен емдеу үшін төсек-орындар саны қыркүйек айында көбейтілмек. Егер наурызда 500 орын болса, қазір бұл көрсеткіш 6 мыңға жеткен. Ал жуық арада орын саны 7700-ге дейін көбейтілмек, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров мәлімдеді. Алып шаһарда 5667 адам, яғни ауырғандардың 60 пайызы індеттен айығып шыққан. Жақын тәулікте 379 науқастың жағдайы жақсарып, үйлеріне жіберілді. Ал 2446 адам үй жағдайында ем қабылдап, дәрігерлердің бақылауына алынды. Оның 1762-сі симптомсыз болса, 684 адамда індет жеңіл түрде өтіп жатыр.

«Қазіргі уақытта, дәрігерлерді, орта және кіші медицина қызметкерлерін қоса алғанда, 4464 қызметкер тынбай жұмыс істеуде. Қалада кадр резервін қалыптастырғанымызға қарамастан, терапевт, пульмонологтар, анестезиологтар, реаниматологтар және инфекционистер сияқты мамандар тапшылығы байқалады. Бірақ бұл тек пандемия кезінде ғана емес, оның алдында да қажетілік сезілді. Медицина қызметкерлері үшін үнемі біліктілікті арттырудың онлайн-курстары өткізіліп тұрады», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров.

Ал, қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин алматылықтардың коронавирусты қай жерде жұқтырып алғанын және тест тапсыру жайлы сөз қозғады. Сөзінше, қазіргі таңда күніне 4 мыңға жуық тест жасалады. Десе де, зертханалардың қуаттылығы 7200 тестке дейін жетеді. Болашақта бұл көрсеткішті 14 мыңға жеткізу көзделіп отыр.

«Коронавирус себептерін талдау кезінде жұқтырудың 56%-ы жұмыс орнында болғаны анықталды. 20%-ында, яғни 1948 жағдайда отбасы мүшелерінен жұққан. 13 жағдайда неден жұққаны белгісіз болып отыр. Жақын байланыста болған 48 мың адам, жұмыс бабымен бірге болған 22 мың адам бақылауда. 7 мың адамның денсаулығы үй карантинінде бақыланып отыр», – деді Алматы қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин.

Новости партнеров