Биыл Алматыда тұрғын үйлердегі 300 жедел саты ауыстырылады

Биыл Алматыда тұрғын үйлердегі 300 жедел саты ауыстырылады
Бұл шаруа «Нұрлы Жер» тұрғын үй-коммуналдық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жасалмақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматыдағы тұрғын үйлерде 300 жедел саты ауыстырылады. Бұл шаруа «Нұрлы Жер» тұрғын үй-коммуналдық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жасалмақ. Қазіргі таңда жұмыстар қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Шаһардағы ескі жедел сатылар қашан толығымен жаңарады? Мемлекеттік бағдарламаның қыр-сыры қандай? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы айтып береді.

Алмалы ауданының тұрғындарына жаңа жедел саты қолданысқа берілді. Мүліктің жаңартылғанына халық дән риза. Жөндеу жұмыстары бар-жоғы екі аптаға созылыпты.

«Бүгін біздің үйіміздегі жедел сатыны пайдалануға берді. Өте қуаныштымыз. Бұрын ескі еді. Қазір іші жарық әрі жылдам жүреді. Жөндеу жұмыстары екі апта бойы күндіз-түні жүргізілді», – деді Алмалы ауданының тұрғыны Лилия Ушанова.

Алмалы ауданында өткен жылы 53 көпқабатты үйде 120 лифт ауыстырылған. Биыл 105-і жөнделеді. Бұл жұмыстар «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық даму мемлекеттік бағдарламасы жасалады.

«Лифтілерді қауіпсіз пайдалану үшін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша осындай механизмдері, ауыстыру мүмкіндіктері бар. Қаражат мемлекет тарапынан бөлінеді. Бірақ оны тұрғындардың өздерінің шешімімен 10 жылға ма,15 жылға ма, 5 жылға ма өздері ортақ шешім қабылдап, мемлекетке пайызсыз қайтарады», – деді Алмалы ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мәди Қыдыров.

Егер тозығы жеткен жедел сатыны ауыстыру керек болса, тұрғындар мен жергілікті басқару мекемелері ортақ шешімге келіп, қалалық тұрғын үй саясаты басқармасына өтініш жазуы керек. Тексеріс жұмыстары тозғанын растаса қазынадан қаражат бөлінеді, оны тұрғындар 15 жылға дейінгі уақыт аралығында қайтаруы тиіс.

«Лифт ортақ мүлікке жатады. Сондықтан ортақ мүлікке кететін шығындарды тұрғындар қатысуы керек шығындарға. Қанша шығын кететіні туралы сметасы беріледі, сол сметасымен таныстыру арқылы, жұмыс қалай жүргізілетіні арқылы бәрін осы жиналыста біздің мамандар жеткізеді халыққа, түсіндірме жұмыстары болады», – деді қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлім басшысының уақытша міндетін атқарушы Жандос Қайырханов.

Айта кетейік, 2020 жылы аталған бағдарлама аясында 302 жедел саты жаңартылған. Шаһарда жалпы қолданыс мерзімі аяқталған 703 лифт бар екен. Оның 300-і биыл жөнделмек. Жұмыс осы қарқынмен жүрсе, алдағы 5 жылда Алматы қаласының тұрғын үй қорындағы барлық ескірген жедел сатылар ауыстырылады деп жоспарланып отыр.

Жанар Ғаниқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы

2020 жылы 139 үйде 302 жедел саты ауыстырылды;

2021 жылы 300 жедел саты ауыстырылады.

Бүгінде 703 ескі жедел саты бар;

5 жылда барлық ескі жедел саты ауыстырылады.

Новости партнеров