Алматылықтар Баһадүрбек Байтасовты еске алды

Алматылықтар Баһадүрбек Байтасовты еске алды
Баһадүрбек Байтасов – ел тарихы мен әскери қызметте жарқын үлгі көрсеткен жарық жұлдыз
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Аумалы-төкпелі уақытта ел шекарасын күзетіп, Отанының тыныштығы үшін сапқа тұрған генерал-майор Баһадүрбек Байтасовтың туғанына 100 жыл. Айтулы датаға орай, қала тұрғындары бүгін ардагер тұрған үйге жиналып, мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойды. Батырды еске алып, ерлік істерін үлгі етті. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Баһадүрбек Байтасов – ел тарихы мен әскери қызметте жарқын үлгі көрсеткен жарық жұлдыз. Ол Отан алдындағы борышын екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Украинаны, Сталинградты азат етумен бастаған. Жаһанды дүр сілкіндірген соғыс аяқталғанда ендігі ғұмырын да ел қорғауға арнаймын деген батыр ширек ғасыр Қазақстан шекарасын күзетті.

«Ең қиын кездерде шекарада болды, ең қиын кездерді ДАСААФ-ты басқарды. Қосқан үлесі еліміз үшін, қазағымыз үшін, еліміздің бостандығы үшін жасаған зор үлесі бар. Біз бүгін сол ағамыздың, бабамыздың туғанына 100 жыл толуына орай осы іс-шараларды (қолданып) жатырмыз», – деді запастағы генерал-майор Марат Мажитов.

«Ақпан айының 23 күні Баһадүр ағамыз 100-ге келді. Ал енді өзі басқарған шекара отрядының туған күні тағы да, 97-ге келіп отыр. Зайсан шекара отрядының туған күні болғаннан кейін офицерлерді, басшыларын, бәрін, ардагерлерді, отбасыларын осы мерейтоймен құттықтап, аманшылық, бейбітшілік болсын, біздің шекарамыз әрдайым мықты күзетілсін», – деді генерал-майор, ҰҚК құрметті қызметкері Тұрсын Уажанов.

Батырдың көзін көріп, тәлімін алғандар оның расында атына сай баһадүр, шынымен қайсар болғанын айтады. Бүгінгі еске алу жиынында да Байтасұлының бар болмысы, жарқын бейнесі сөз болды. Жас ұландарды тәрбиелеуге де өзіндік үлес қосқан Баһадүрбек Байтасовтың әскери-патриоттық тақырыптағы бірқатар кітаптардың авторы екенін де айта кетейік.

«Оның сырт келбеті көрер көзге биік, сымбатты еді. Ақылдылығы, қарапайымдылығы мен берік тәртібі өзгелердің жанында ерекшелеп тұратын. Ең бастысы- қызметте аса патриот еді», – деді Б.Байтасовтың қызы Энже Баһадүрбекқызы.

«Бұл тек қана отбасында емес, сол кісінің атына бүгінде тағзым жасап жүрген, сол кісінің істеген істеріне үлкен құрмет, үлгі жасап отырған, сол кісінің ізбасар шекарашы, жауынгер, әскерлері, қандыбалақ інілері, ұрпақтары бүгін сол кісіге тағзым жасап келіп отыр», – деді запастағы полковник, зейнеттегі шекарашы Дәулетқали Мамырханов.

Генералдың еткен еңбегі мен кешкен ғұмырын тарих сахнасында қалдыру үшін бүгінде Алматы мен Түркістаннан Байтасовқа көше берілген. Сондай-ақ, ел оңтүстігінде әскери-техникалық мектеп те Баһадүрбек батырдың есімімен аталады.

Мадина Оқас, Нұрлан Өтеген, Мейрам Исабеков «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров