Ақ киіз: алматылық оқушылар киіз басудың сырын қалай меңгеруде

11.02.2025 16:53

"Ақ киіз" балалар бөлімі – ұмыт бола бастаған киіз басу өнерін қайта жаңғыртып, қазақтың ұлттық мұрасын келешек ұрпаққа жеткізетін ерекше шығармашылық алаң.

Ежелден келе жатқан киіз басу қолөнерін Оқушылар сарайындағы жас алматылықтар жаңғыртып жатыр. «Ақ киіз» балалар бөлімі ұлттық құндылықты насихаттап қана қоймай, өнердің қыр-сырын танытуға ниетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үйірмеде балалар тек қолөнермен айналысып қана қоймай, халқының бай мәдени тарихына үңіледі. Тәлімгерлер шәкірттерін дәстүрлі бұйымдардан киім-кешек пен әшекейлер, тақиялар жасауға баулиды. Жүнді жылы сабынды сумен сулап, киіздің бетін түрлі түсті ою өрнектермен сәндейді. 

"Анам үйірмеге бірінші рет айтқанда, қызығушылық болмады. Кішкентай шар жасап көргенде, қатты ұнай бастады. Болашаққа керек заттар жасағым келеді", – деді оқушы Адэма Асхатқызы.

Бұл өнердің қызығымен қоса, қиындығы да бар. Өйткені ол төзімділік пен шеберлікті талап етеді. Олар киізден жасалған түрлі қолөнер бұйымдарын заманауи үлгіге сай жасайды.

"Үйірмеде балалар тамаша жұмыстар жасап үйренеді. Ертеден келе жатқан киіз басу өнерін, ұлттық құндылықтарды насихаттаумен бірге, балалар бұл жерде киізді ұстап, ою-өрнекті ойып, оған талдырма салып, тақия жасайды", – деді үйірменің мұғалімі Бақытжан Қасымжанова.

"Оқушыларды мектептерден шақырып, шеберлік сғатиын өткіземіз. Киізбен қалай жұмыс істеу керек? Оның құндылығын, не үйренетінін сол жерде балаларға көрсететін болады. Сол арқылы балалардың қызығушылығын арттырамыз", – деді оқушылар сарайы Көркем өнер бөлімінің жетекшісі Жаңғали Маратұлы

"Ақ киіз" балалар бөлімі – ұмыт бола бастаған киіз басу өнерін қайта жаңғыртып, қазақтың ұлттық мұрасын келешек ұрпаққа жеткізетін ерекше шығармашылық алаң. Шеберлер 6 мен 16 жас аралығында оқытылады. Сонымен қатар үйірмеде халықтың әлеуметтік осал санаттарындағы балалар үшін шеберлік сыныптары тегін.

Бейбарыс Аңсаған, Сағынғали Мұңайтпас 

Оқи отырыңыз: Алматыға күн сайын қанша көлік кіріп шығады