Онда шығармашылық ұжым саундрама жанрындағы «Mamluk. Сұлтан Бейбарыс» қойылымын сахналайды
«Алатау» дәстүрлі өнер театры театр әлеміндегі беделді байқаулардың бірі - Чехов фестиваліне жолдама алды. Онда шығармашылық ұжым саундрама жанрындағы «Mamluk. Сұлтан Бейбарыс» қойылымын сахналайды. Бұл туралы театр директоры Мақсат Нұралиев Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Біздің театр үшін осындай маңызды іс-шарада қазақ театр өнерін көрсету – зор жетістік. Мен «Mamluk. Сұлтан Бейбарыс» спектакліне өз жанын салған дарынды әртістерімізді, режиссерларымызды, музыканттарымызды, жалпы барлық шығаршашылық құрамды мақтан тұтамын», - деді Мақсат Нұралиев.
Сондай-ақ, театр труппасын Франциядағы Авиньон фестиваліне «Алтыбақан» премьералық спектаклімен шақыруы мүмкін. Айта кетерлігі, «Алатау» театры соңғы жылдары халықаралық қатынас бағытындағы жұмысты белсенді дамытуда. 2024 жылы театр әртістері Қытайда өнер көрсетті, сондай-ақ Алматы әкімдігінің қолдауымен жетекші шетелдік мәдени орталықтарда оқудан өтті.
Биыл театр Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына және Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай тарихи тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын дәріптейтін жаңа қойылымдар ұсынады.