Іс-шара аясында шаһарда 5000 түп ағаш егіледі
«Алматыны одан ары көркейтеміз». Таза Қазақстан бағдарламасы аясында бастау алған «Алматы - біздің ортақ үйіміз» науқаны биыл да жалғасын тапты. Іс-шара аясында шаһарда 5000 түп ағаш егіп, 12 мыңға жуық қоқыс жәшігі орнатылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жас болса да, бас болып, қоқыс тазалаудан арланбай, ерінбей еңбек етіп жүрген жандардың бірі – Алмат Өмірзақ. Оның бұл жұмысқа орналасқанына екі жылдың жүзі болған. Қазір ол Алмалы ауданындағы 17 саябақтың таза тұруына атсалысып жүр. Ал қызметке күнделікті таңғы сағат 7:00-ден бастап кірісетін жұмысшы әріптестерімен күніне кем дегенде 3 тоннадан аса қоқыс шығарады.
«Біздің жұмыс оңай емес. Алматы қаласының тұрғындарын тазалыққа шақырамыз. Кез келген жерде қоқыс жәшігі бар, қоқысты тастап отыратын болсақ, қаламыз өте таза болады. Тазалық негізі әр адамның өзінен басталады, – деді тазалықшы Алмат Өмірзақ.
Тынымсыз еңбектенетін жұмысшылар қала инфрақұрылымын толықтай ретке келтіруге де көмектесіп келеді. Қызығы сол, биыл науқан аясында 445 саябақтың аумағын қоқыстан арылту жоспарланған. Одан бөлек, 4 мың аула тазартылмақ. Қазір Абай, Райымбек даңғылы, Мұқанов, Сейфуллин көшелерінің аралығында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Осы аумақтағы аулаларды тазартуға 70-ке жуық адам жұмылдырылған.
«Кешенді тазалық жұстары басталды. Күн жылынса, қоршауларды бояп, ағаштарды құрт-құмырсқалардан қорғап, әктеуді бастаймыз. Тәрбиелік мағынасы бар. Болашақ жасөспірімдер «неге мен бөтелке, қоқысты лақтыруым керек, ана кісі оны тазалайды?» деп ойланатын болар, – деді учаске басшысы Абзал Достемесов
Атап өтейік, 4 кезең бойынша жүргізіледі. Аялдамалардан бастап, табиғи аймақтар да тазартылып, сенбіліктер ұйымдастырылады. Заңсыз нысандар сүріледі. Тарихи ескерткіштер ретке келтіріледі. Ал іс-шара 1 сәуірге дейін жалғаспақ.
Рүстем Айткәрім, Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Наурыз: алматылықтар тұрғын үй бағдарламасына өтінімді қашан бере алады