«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанының бірінші аптасы қорытындыланды

11.03.2025 12:20

Бұл жұмысқа 100-ден астам арнайы техника мен 240 жұмысшы жұмылдырылды

қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында өтіп жатқан «Алматы – біздің ортақ үйіміз» экологиялық науқанының алғашқы аптасы қорытындыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.

1-9 наурыз аралығында өткен алғашқы апта «Таза көшелер» атауымен ұйымдастырылып, қала көшелерін жаппай тазарту, инфрақұрылымды ретке келтіру және заңсыз сауда нысандарын жаппай сүру шараларына бағытталды.

Бір апта ішінде ұзындығы 2 777 км болатын 2 318 көше тазартылды, 560 аялдама павильоны, 315 бағдаршам нысаны және 1 537 жол белгісі жуылып, тазаланды. Бұл жұмысқа 100-ден астам арнайы техника мен 240 жұмысшы жұмылдырылды.

Аталған кезеңде «Қасбеттен қасбетке дейінгі кешенді тазарту» акциясы өтті, оның аясында мердігер ұйымдар тазалық жұмыстарын жүргізді. Оған кездейсоқ қоқыстар мен бұтақтарды жинау, қар тазалау, арық жүйесін тазарту, жол жиектерін сыпыру, жаяу жүргіншілер жолдары мен көшелерді тазарту жұмыстары кірді.

Сонымен қатар, аудан әкімдіктері кәсіпкерлік субъектілерімен көріктендіру қағидалары аясында бекітілген учаскелердің санитарлық жағдайын сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде көріктендіру бойынша 284-ке жуық төлқұжат рәсімделді.

Қаладағы санитарлық жағдайды жақсарту мақсатында Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы көлемі 120 литрге дейінгі 600-ден астам вандализмге төзімді қоқыс жәшігін орнатты. Жалпы, 2025 жылы қалада 80 және 120 литрлік 12 036 жаңа қоқыс жәшігін орнату жоспарланып отыр.

Айта кетейік, 2025 жылдың 4 ақпанынан бастап Алматыда көше саудасын жою бағдарламасы қызу жүріп жатыр. Бүгінгі күнге дейін 302 заңсыз сауда нысаны және 222 ойын автоматы (күш өлшеуіш) сүрілді. Бағдарлама 15 наурызға дейін жалғасады.

Науқан аясында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері «Жақыныңа жәрдемдес» акциясын өткізді. Акция барысында еріктілер қариялардың ауласы мен іргелес аумақты қар мен қоқыстан тазалап, аздаған жөндеу жұмыстарын жүргізді.

Экология және қоршаған орта басқармасы арнайы ұйымдармен бірлесіп, «Таза ауа» акциясы аясында 19 стационарлық және 3 мобильді экологиялық бекетте автокөлік шығарындыларын бақылау жұмыстарын күшейтті.

«Қауіпсіз жол» акциясы аясында магистральдерді көріктендіру, жол жабындарын жөндеу және жол таңбаларын жаңарту жұмыстары басталды. Бірінші аптада 1,2 мың м² жолға шұңқырлы жөндеу жүргізіліп, нөсерлі кәріз жүйесіне арналған 24 жаңбыр қабылдағыш орнатылды.

Айта кетейік, 11 наурыздан бастап науқанның екінші кезеңі – «Таза саябақтар мен скверлер» басталды. Бұл кезеңде өзен жағалауларын, саябақтар мен скверлерді, қоғамдық кеңістіктерді тазарту жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, науқан 1 сәуірге дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында бүкіл қалалық инфрақұрылымды ретке келтіру, 4 мыңнан астам аула аумағын тазарту, 445 саябақ пен скверді жинау, өзен жағалауларын тазарту, 12 мыңға жуық көшедегі вандализмге төзімді қоқыс жәшігін орнату, 600-ден астам заңсыз саудан нысандарын сүру, 5 мың ағаш пен бұта отырғызу жоспарланған.

Толық ақпарат Almaty.kz сайтында жарияланады.