Науқан 1 наурыз бен 1 сәуір аралығында өтеді және 4 негізгі кезеңге бөлінген
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында өтетін «Алматы – біздің ортақ үйіміз» атты жалпықалалық акция басталар алдында тұрғындарға үндеу жасады. Ол барлық алматылықты науқанға белсенді қатысып, қаланы одан әрі көркейтуге және көгалдандыруға шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Құрметті алматылықтар! Наурыз – ежелден жаңару кезеңі. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында халқымыз табиғаттың жаңаруымен қатар, айналаны тазалап, қоршаған ортаны көркейтумен айналысқан. Бұл игі дәстүр бүгінге дейін жалғасып келеді. 1 наурыздан бастап бізде «Алматы – біздің ортақ үйіміз» акциясы басталады. Баршаңызды осы маңызды іске белсенді қатысуға шақырамын. Алматыны ең көркем әрі жасыл қалаға айналдыру біздің қолымызда», – деді әкімнің орынбасары.
А. Әбдіқадыровтың айтуынша, науқан 1 наурыз бен 1 сәуір аралығында өтеді және 4 негізгі кезеңге бөлінген.
«Құрметті тұрғындар! «Алматы – біздің ортақ үйіміз», ал әр үйде тазалық пен жайлылық болуы керек. Әрқайсыңызды өзінен кейін қоқыс қалдырмауға, табиғатты аялауға және тазалық сақтауға шақырамын. Біздің науқанға атсалысыңыздар! Қаламыз баршаға үлгі болсын! Алматыға деген қамқорлықтарыңыз бен сүйіспеншіліктеріңіз үшін рақмет!», – деп сөзін түйіндеді Әлішер Әбдіқадыров.
Айта кетейік, «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанына қатысты барлық жаңалық Almaty.kz сайтында жарияланып отырады.