Алматы әжелері: зейнеткер Әбу-Дабиде өнер көрсетті

06.02.2025 15:37

Орталыққа күніне 200-ден аса адам келеді

Алматыдағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері Дубай мен Әбу-Дабиде өнер көрсетті. Халықаралық іс-шарада "Алматы әжелері" аталатын топ сән көрсетілімін қойып, төл мәдениетті ұлықтап, дәстүрді дәріптеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Бұл белсенді ұзақ өмір сүру орталығы Алматының Алмалы ауданында орналасқан. Ашылғанына 2 жылдың жүзі болды. Мекеме табалдырығын аттаған сәттен бастап, зейнеткерлерді қызметкерлер күтіп алып, алдымен медициналық тексерістен өткізеді. Кейін әр тұрғын кестеге сай шеберлік сабақтарына қатысады.

Бұл орталыққа күніне 200-ден аса адам келеді. Мекемеде зейнеткерлерге 40-тан аса қызмет түрі ұсынылады. Солардың бірі – қолөнер үйірмесі. Дәл қазір шеберлер наурыз айына дайындалып жатыр.

"Менің қолымдағы кәдесый. Бұл – киізден, жүннен, инеменен басылатын өнер, қолөнер. Орталыққа келгеніме жылдан асты. Ал үйірмеге жақында ғана келдім", – деді зейнеткер Гүлбаршын Хасенова.

"Кестенің де түр-түрін, киізді сулап басу, құрғақ басу деген түрлерін үйретіп жатырмыз.  Олар өздеріне киімдер жасауға дейін жақындап қалды. Сонымен бірге киімге керекті басқа да аксессуарлар, сумкалар, содан кейін бас киім әр түрлі моншақтар, әшекей бұйымдардың барлығын киізден басатындай дәрежеге жетті", – деді ҚР Суретшілер одағының мүшесі Майса Ықласова.

Ал Гүлмира Хамитованың орталыққа келгеніне 12 ай болды. Ол жастайынан сурет салуға әуестенген. Десе де таңдаған мамандығы шығармашылықтан алшақ болғандықтан, сүйікті ісінен ажырап қалған. Тек уақыт өте өнермен қайта қауышқан.   

"Он бес шақты сурет салдым. 26 ақпанда Қастеев музейінде көрмеге дайындалып жатырмын", – деді зейнеткер Гүлмира Хамитова.

Орталықта би, йога үйірмесі де бар. Мұнда зейнеткерлер ағылшын тілін меңгереді. Қариялар салауатты өмір салтын ұстануға талпынып жүр. Жеткен жетістіктері де аз емес. 

"Үш домбыра тобы, 5 би ансамблі республикалық, халықаралық конкурстарға қатысып, жеңімпаз атандық. Халықаралық байқауда 4 бас жүлде алған  "Данский" ансамблі бар", – деді орталықтың бөлім меңгерушісі Зина Ищанова.

Алматыда дәл осындай 15 орталық бар. Мекемелердің қызметін 6000 мыңнан аса қала тұрғыны пайдаланып жүр.

 Рүстем Айткәрім, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Өртті қасақана қойғаны анық: Алматыда хостелде болған өртке қатысты сот жалғасып жатыр