Өртті қасақана қойғаны анық: Алматыда хостелде болған өртке қатысты сот жалғасып жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда хостелде болған өртке қатысты сот жалғасып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгінгі отырыста куәгер мен жәбірленуші тарап тыңдалды. Алғашқы сөз қызыл жалын шарпыған күні хостелде болған студентке берілді. Ол жертөледе орналасқан ғимараттың ас бөлмесінде қорғаныш торы бар темір есіктің болғанын, бірақ жабық тұрғанын айтты. Сондай-ақ дабыл жүйесінің жарық сигналы жұмыс істемегенін де растады. Ал жәбірленуші тараптың өкілі. "Адам қазасына әкелген өрт қасақана қойылған болуы мүмкін» дейді Ол сөзінде, ғимарат иесін айыптап, нысанның бастапқыда жатақханаға арналмағанын жеткізді. Сонымен қатар тыңдалым кезінде айыпталып отырған Әділбек Мұхамедияровтың қорғаушысы да сөз сөйледі. Ол қылмыстық істі «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабының үшінші емес, екінші тармағымен қарауды сұрады. Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырмады.

"Таңжарықовтың өртті қасақана қойғаны анық. «КУСА Халық»-тың иесін бастапқыда жауапқа тарту керек екенін айттық. Өйткені ол Мұхамедияровқа ғимаратты жатақхана қылуға, адамдарды орналастыруға рұқсат бергені үшін кінәлі. Жертөлені қалай хостелге айналдыруға болады? Соның кесірінен менің өрімдей жас балам ажал құшты. Ол небәрі 3-курстың студенті еді", – деді жәбірленуші Бақытжан Әлімбаев.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2023 жылдың 30 қарашасында болған. Жертөледе орналасқан хостелден өрт шығып, 13 адам ажал құшқан. Қылмыстық істе ғимаратты жалға алған Әділбек Мұхамедияров пен өрттен қорғау жүйесін орнату жөніндегі маман Александр Пакельник айыпталып отыр. Бұған дейінгі сот отырыстарында мемлекеттік айыптаушы олардың өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағанын айтқан. Апат кезінде студенттердің сыртқа шығуына дәлізде жатқан матрацтар кедергі келтіріпті. Сондай-ақ эвакуациялық есік жабық тұрған, терезелер мен желдету жүйесі де болмаған.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның екі облысында жол жабылды

Новости партнеров