Алматы зообағындағы ақ аюлардың ұрпағы әлемнің әр түкпіріне тарап кеткен

27.02.2025 21:22

Қазіргі уақытта олардың 7 «немересі» мен 7 «шөбересі» Еуропа және Ресей зообақтарында тұрады

instagram.com/almatyzoo

Бүгін жабайы табиғатты қорғаушылар үшін ерекше күн. Яғни, 27 ақпан – Халықаралық поляр аюы күні, деп хабарлайды Almaty.tv Алматы зообағының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақ аю – жер бетіндегі ең ірі жыртқыш жануардың бірі. Оларды көбіне «Поляр аюы» немесе «Солтүстік Мұзды мұхиттың патшасы» деп атайды.

«Өкінішке қарай, қазіргі уақытта ақ аюлар жоғалып кетудің алдында тұр. Бұған – климаттың өзгеруі, ғаламдық жылынудан мұздықтардың еруі, мұнай өндірісі мен мұхиттардағы кемелер және басқа да экологиялық мәселелер кері әсер етуде. Ақ аюлар – Халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген», - дейді зообақ қызметкерлері.

Бүгінгі атаулы күннің мақсаты – ақ аюлар мәселесіне қоғам назарын аудару, олардың жойылып кетуінің алдын алу. Бүгінде әлемдегі зообақтар ақ аюларды қорғап, сақтап қалу үшін барынша жағдай жасауда.

«Алматы хайуанаттар бағында Алькор (31 жас) мен оның жұбы Кристина (24 жас) ұзақ өмір сүрді. 1998 жылы бұл жұптан Умка атты кішкентай ақ аю туылды. Ол Чехияның Брно қаласындағы зообаққа берілді. Сонда бүкіл өмірін өткізді», - деоінген хабарламада.

Ақ аюлар – Алькор мен Кристинаның ұрпақтары әлемнің түкпір-түкпіріндегі зообақтарда, қолайлы жағдайда өмір сүруде. Қазіргі уақытта олардан тараған 7 «немере» және 7 «шөбере» ақ аюлар Еуропа мен Ресей зообақтарында тұрады. Осындай қамқорлық арқылы сирек кездесетін ақ аюлардың ұрпағы жалғасып келеді.

«2023 жылы Мәскеу зообағынан бізге Пурга есімді ақ аю әкелінген. Ол қазір Алматы хайуанаттар бағының қызметкерлері мен келушілердің сүйікті жануарларының біріне айналды.
Пурганы Халықаралық аюлар күнімен бірге құттықтайық! Біздің зообаққа келіңіздер!» - дейді зообақ өкілдері.

Оқи отырыңыз: Алматы облысында қар барысы фототұзаққа түсіп қалды