Алматыда екі қабатты ғимарат сот шешімімен бұзылып жатыр

16.04.2025 18:24

Алмалы аудандық соты нысанды заңсыз деп таныды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы Тілендиев көшесі, 137 мекенжайында орналасқан нысанның бұзылып жатқанын хабарлады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Бұған дейін басқарма жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, меншік иесіне (жеке тұлға) рұқсат құжаттарының толық болмауына байланысты әкімшілік шаралар қолданған. Анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, кейін нысанды бұзу туралы талап арыз сотқа жолданған.

«2024 жылы 23 мамырда Алмалы аудандық соты басқарманың талап арызын қанағаттандырып, нысанды заңсыз деп таныды. Ал өткен жылдың 20 тамызында Алматы қалалық соты бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды», - делінген басқарма хабарламасында.

Сот шешімін орындау мақсатында меншік иесі ғимаратты бұзу жұмыстарын бастап кетті.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы әкімі Ерболат Досаевтың құрылысқа бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында 2023 жылдың басынан бері 73 заңсыз нысан, соның ішінде «Мечта», KHAN тұрғын үй кешендері және т.б. толық немесе жартылай бұзылған.

Оқи отырыңыз: Алматыда қазақ-қырғыз БАҚ өкілдері меморандумға қол қойды