Алматыда қар тазалау жұмыстары қалай жүріп жатыр

Қар жауа бастаған сәттен бастап қала көшелерінен 6 520 м³ қар шығарылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 15-16 желтоқсан күндері қалың қар жауып, қаланың жағдайына елеулі әсер етті. Желтоқсан айындағы айлық норманың үштен бір бөлігі болатын бұл жауын-шашынның нәтижесінде Алматы көшелерінде қар қалыңдығы 22 см-ге жетті, ал тау бөктерлерінде, атап айтқанда Каменск үстірті мен Шымбұлақта қардың қалыңдығы 40 см және 42 см болды. Мұндай қолайсыз ауа райы жағдайында қаладағы коммуналдық қызметтер көшелерді қауіпсіз әрі жүруге қолайлы күйге келтіру үшін қар тазалау жұмыстарына белсенді кірісті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматыда қардың салдарын жою үшін тәулік бойы 600-ден астам арнайы техника мен 1080 жұмысшы жұмылдырылған. Қар жауа бастаған сәттен бастап қала көшелерінен 6 520 м³ қар шығарылды.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында журналистерге қаланың көлік көп жүретін көшесінің бірі – Абылай хан даңғылында таңғы қар тазалау жұмыстары көрсетілді. Бұл жұмыстарға сыпырушы арнайы техникалар, көпфункционалды жол машиналары, Pony 4, «КамАЗ көліктері және жұмысшылар атсалысты. Бұл техникалар көшелерді қар мен мұздан жедел тазартып, тұрғындар үшін қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз етеді.

Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жанат Жақыпбектің айтуынша, қарды шығару үшін алдымен жол жиектерінде қар үйінділерін жинау бойынша дайындық жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар ірі габаритті техниканың (автогрейдерлер, жүк тиегіштер) көмегімен түнгі уақытта жүзеге асады. Таңертеңгі уақытта жол бойында қар үйінділерінің болуы – жұмыс процесінің технологиялық қажеттілігі. Қар үйінділері келесі жұмыс ауысымында шығарылады. Кейін қарды тазартқаннан кейін жиектастар маңын мұздан тазарту және мұзды ою, қар аралас түзілімдерді жою жұмыстары қолға алынады.

Қаланың негізгі көшелерінен қар шығару жұмыстары 17-18 желтоқсанға қараған түні аяқталады деп жоспарланған, бірақ қар күреу жұмыстары қыс мезгілі аяқталғанға дейін жалғасады.

Қыста қар тазалау жұмыстары Алматыдағы жалпы аумағы 25,1 млн м² болатын 2 300-ден астам көшені, ұзындығы 2 777 км жолды қамтиды. Бұл жұмыстарды 10 мердігерлік ұйым атқарады, ал аумақтың 70%-ын «Алматы тазалық» МКК күшімен тазаланады. Қала коммуналдық қызметтерінің қолында 1 084 арнайы техника және 1 240 жұмысшытбар, бұл оларға ауа райы өзгерістеріне сай тез қимылдап, қардың салдарын тиімді жоюға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, коммуналдық қызметтер қала тұрғындарынан қарды уақытылы шығару жұмыстарын ұйымдастыру үшін түнгі уақытта көлік құралдарын жол жиектеріне қоймауды өтінді.

Сонымен қатар, Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында іске қосылған пластикалық қақпақтарды жинау бойынша экологиялық акцияның алғашқы маусымы аяқталды. Акцияға мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері қатысып, бірлескен күш-жігердің арқасында 1,26 миллионнан астам қақпақ жиналды. Экологиялық мәселелерге назар аудару және өскелең ұрпақта экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бастама жастар мен олардың ата-аналарының тарапынан үлкен қолдау тапты. Акцияға қаланың 200-ден астам мектебі мен балабақшасының оқушылары қатысты.

Акция қорытындысы бойынша ең көп үлес қосқан үш аудан:

● Жетісу ауданы – 570 кг қақпақ (жалпы көлемнің 22,7%-ы);

● Алмалы ауданы – 484 кг (19,3%);

● Әуезов ауданы – 328 кг (13,0%).

16 желтоқсанда акцияның алғашқы маусымы қорытындыланып, ал 21 желтоқсан күні Молл Апорт East сауда орталығында жеңімпаздар мен қатысушыларды салтанатты марапаттау рәсімі өтеді. Іс-шара бағдарламасында эко-жәрмеңке, шеберлік дәрістері және қалдықтарды қайта өңдеу мен экологиялық тәжірибелерге арналған оқыту сессиялары жоспарланған.

Пластикалық қақпақтарды жинау акциясымен қатар KSC PLAST компаниясы мен Эко-Хабтың қолдауымен қайта өңделген пластиктен бірегей жаңа жылдық шырша жасалды. Бұл ерекше туындының авторы – белгілі мүсінші Талғат Жұмағұл. Шырша экологиялық мәселелерді шешуге үміттің символы ретінде қарастырылып, Жаңа жыл қарсаңында қаланың сәнін келтірмек.

«Біз достарымызбен бірнеше апта бойы қақпақ жинадық. Бұл экология үшін пайдалы ғана емес, өте қызықты іс болды. Енді жинаған қақпақтарымыз қаламызда әдемі шыршалардың жасалуына көмектесетінін білгенде, осы жобаның бір бөлігі болғаныма мақтанамын», – дейді №147 мектеп-гимназиясының оқушысы Томирис Намазбекова.

Сонымен қатар, «Мейірімділік» ерікті қоғамы», «Мейірім» қоры, «Аутизмді жеңеміз» жобасы мен «Инсайт» мектебінің ерекше балалары Эко-Хаб эко-жаттықтырушыларының жетекшілігімен қайта өңделген материалдардан мерекелік жаңа жылдық ойыншықтар жасады.

Бұл бұйымдарды еліміздің ірі компаниялары сатып алды. Акцияның маңызды бөлігі қаланың түрлі ауданында уақытша қақпақтарды қабылдау пунктіне айналған комьюнити-орталықтар болды.

«Бұл жоба – экологиялық тәрбиені шығармашылық тәсілмен үйлестірудің тамаша үлгісі. Балаларды табиғатты аялауға үйрету ғана емес, шағын әрекеттің үлкен нәтижеге әкелетінін көрсету де маңызды»,– деді №147 мектеп-гимназиясы тәрбие жұмысы жөніндегі директордың орынбасары Раиса Сахиева.

Ұйымдастырушылар 2025 жылы пластикалық қақпақтарды жинау акциясы Алматының экологиялық мәдениетін қалыптастыру бойынша тұрақты науқанға айналатынын айтты. Мұндай бастамалар қаланы безендіріп қана қоймай, қайта өңдеудің маңыздылығын еске салып, қоршаған ортаны сақтауға жауапкершілік қалыптастырады.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы елді мекендердің аумағын көркейтуге және көгалдандыруға бағытталған. Бағдарламаның басты мақсаты – қоршаған ортаға ұқыпты қарау құндылықтарын қалыптастыру, халық арасында жоғары азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті тәрбиелеу.

Оқи отырыңыз: Алматы коммуналдық қызметтері үлкен қардың салдарын жоюда

Новости партнеров