Іс-шаралардың негізгі мақсаты санитарлық жағдайды арттыру, аумақтарды абаттандыру және қаланың эстетикалық тартымды келбетін қалыптастыру
Алматыда 15 сәуірде стихиялық сауда фактілерін анықтау және жою, сондай-ақ 2025 жылғы 1 мамырға дейін созылатын заңсыз орнатылған сауда нысандарын бөлшектеу бойынша ауқымды акция басталды. Науқан Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша «Таза Қазақстан» жалпы республикалық бағдарламасы және «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық бастамасы аясында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шаралардың негізгі мақсаты санитарлық жағдайды арттыру, аумақтарды абаттандыру және қаланың эстетикалық тартымды келбетін қалыптастыру. Жұмыстар Алматы қаласының барлық аудандарының неғұрлым проблемалы учаскелерінде әкімдік, коммуналдық қызметтер және құқық қорғау органдарының мамандарын тарта отырып жүргізілетін болады.
Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының ақпараты бойынша, 2025 жылдың ақпан айының бері қалада мемлекеттік қордың жер учаскелерінде орналасқан 797 стационарлық емес сауда нысандары (СЕСН) анықталды. Бүгінгі таңда 664 нысан, оның ішінде 369 СЕСН және 295 автоматтандырылған құрылғылар (силомерлер) жойылды. Қалған 133 нысан бойынша жұмыстарды сәуір айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Жаппай стихиялық сауда орындарына – ірі базарларға, саябақтарға және жер үсті өткелдеріне жақын жерлерге ерекше назар аударылады. Қалада «Алатау», «Көк базар», «Сары-Арқа», «Барлық» базарлары, Розыбакиев, Төле би, Әуезов көшелері, саябақтар мен жер үсті өткелдерін қоса алғанда, ең проблемалы 49 орын анықталды. 4 ақпаннан бастап 1400-ден астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, айыппұл сомасы 4,8 млн теңгеден асты.
Базарлар мен сауда орталықтарының автотұрақтарындағы сауда да өзекті мәселе болып қала береді. Бұл учаскелер тек мақсатына сай пайдаланылуы керек. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың төрағалығымен уәкілетті органдармен өткен кеңес барысында Қала құрылысын бақылау басқармасына осындай аумақтарды пайдаланудың заңдылығына тексеру жүргізу тапсырылды. «Алматы Паркинг» АҚ-ға коммерциялық мақсатта тұрақ аймақтарын пайдалануды болдырмау үшін белгілер қою және қоршаулар орнату тапсырылды.
Абаттандыру және стихиялық саудадағы бұзушылықтарды анықтау бойынша тексерулер мен рейдтік іс-шаралар тұрақты негізде өтетін болады. Ағымдағы жылдың 15 сәуірінде ғана уәкілетті органдар полиция департаментімен бірлесіп санкцияланбаған сауданың 143 жағдайын (ҚР ӘҚБтК 204-бабы) және абаттандыру қағидаларын бұзудың 96-бабын (ҚР ӘҚБтК 505-бабы) анықтады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық сауда нысандары (стационарлық және стационарлық емес) инженерлік коммуникацияларға - сумен жабдықтауға, газға, электр энергиясына қосылуы, қаланың дизайн-кодына сәйкестендірілуі, сондай-ақ санитарлық және өртке қарсы нормаларының талаптарына сай болуы тиіс.
Оқи отырыңыз: Қолжетімді баспана: 5 мыңға жуық алматылық жалдамалы пәтермен қамтамасыз етілді