Іс-шараға «Ассамблея жастары» командалары қатысты
Бірлік күні мен ҚХА-ның 30 жылдығы қарсаңында оңтүстік астанада жастар арасындағы эко-спартакиада өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бостандық ауданы әкімдігі мен қалалық ұйым өкілдері бірлесе ұйымдастырған іс-шараға «Ассамблея жастары» командаларымен қатар басқа да спортшылар қатысқан. Спартакиада ұлттық және дәстүрлі спорт түрлерін қамтып, ұлттар арасындағы татулық пен отансүйгіштікті дәріптеуге бағытталған.
«Жастарды дұрыс тәрбиелеу, білім беру маңызды. Бұл іс-шараның мақсаты да – сол. Президентіміз адал азамат, әділетті Қазақстан тек Үкімет, шенеуніктер емес, бүкіл халық, әр ұлт, әрбір азамат үлесін қосу керек екенін ылғи айтып жүр», – деді Ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Долкунтай Абдулхалил.
Эко-спартакиада бағдарламасына футбол, волейбол, арқан тарту, ләңгі тебу, асық ату мен қой көтеру секілді ойындар енген. Мереке қарсаңында ауданда тағы 30-ға жуық түрлі іс-шара жоспарланған. Жарыс аяқталған соң жеңімпаздарға арнайы марапат қағаздары мен бағалы сыйлықтар беру де қарастырылған.
«Ауданымызда 30 түрлі форматта іс-шара жоспарланған. Спартакиаданың негізгі мақсаты – біздің жастарымызды салауатты өмір салтына баулуға бағытталған болса, ең басты негізгі мақсат – біздің аудан жастарымызды, соның ішінде өзге ұлт өкілдерінен құралған жастар арасында өзара достықты, ынтымақты, бірлікті нығайту», – деді Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Сәкен Аралбаев.
Оқи отырыңыз: «Алматы жастары» бағдарламасына қатысуға өтінімдерді қабылдау қорытындысы шығарылды