Бұл туралы шаһар басшысы Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесуі барысында мәлімдеді
Алматының Жетісу ауданының өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы оң серпін көрсетіп отыр. Бұл туралы шаһар басшысы Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесуі барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала басшысының айтуынша, 2024 жылы инвестиция көлемі 18,6%-ға өсіп, 124,1 млрд теңге болған.
Экономиканың әртүрлі секторларында өсім байқалды: өнеркәсіп көлемі 4,1%-ға артып, бөлшек сауда 10%-ға ұлғайып, көтерме сауда 2,7%-ға өсті.
9 мыңнан астам бизнес субъектілерінің белсенділігінің арқасында салық түсімі 6,4%-ға артып, 311,8 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар, 4 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды.
2024 жылы ауданның бюджеті 27%-ға ұлғайып, 21,4 млрд теңгеге жетті. 2025 жылы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және ауданның әрі қарай дамуы мақсатында бюджет 20%-ға өсіп, 26,9 млрд теңгеге жетті.
Ерболат Досаевтың айтуынша, 2025 жылы қала және аудан әкімдіктерінің жұмысы инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік нысандарды жаңарту және жаңғырту, көлік қолжетімділігін жақсарту, қоғамдық кеңістіктерді белсенді дамыту сынды басым бағыттарға шоғырланбақ.
Жалпы, биыл Алматы экономикасына 2,2 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Қазақстан тарихында алғаш рет қала бюджеті 2,2 трлн теңгеден асты. 2022 жылмен салыстырғанда даму бюджеті 2,2 есе ұлғайып, 458 млрд теңгеге жетті.
Оқи отырыңыз: Жетісу ауданында сәуірде үш емхана ашылады