Алматыдағы ЖЭО-2: зиянды қалдықты бақылайтын жүйе орнатылды

Бақылау жүйесі 2 түтін құбырында уақытша жұмыс істеп тұр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы ЖЭО-2 экологиялық бақылауды күшейту үшін жаңа жүйе орнатылды. Енді зауыттан шығатын қалдықтар туралы ақпарат автоматты түрде мемлекеттік мекемелерге жіберіліп отырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сексен метр биіктікте орналасқан өлшегіш құрылғы атмосфераға тарайтын зиянды заттардың деңгейін онлайн режимде бақылайды. Шығындылардың химиялық құрамын анықтап, жиналған деректерді әрбір 20 минут сайын өлшеу жүйесіне жібереді. Қазіргі таңда бақылау жүйесі 2 түтін құбырында уақытша жұмыс істеп тұр. Ақпанда толыққанды іске қосу жоспарланған.

"2024-2025 жылдары қондырғыны қою барысында бірнеше кәсіпорындарда жұмыстар жүргіздік. ЖЭО-1 жүйе жұмыс істеп тұр. Содан кейін батыс жылу кешенінде де орнатылды. ЖЭО-2 қойылып, тәжірибелік жұмыстар жүріп жатыр", – деді Қоршаған ортаны қорғау басқармасының бас маманы Олжас Әбіл.

Мұндай жаңа жүйелер атмосфераға тарайтын зиянды заттардың деңгейін онлайн режимде бақылағанымен, шаһардағы ауаны толық тазарту әлі күнге дейін мүмкін болмай тұр.

Мегаполистегі ауаның ластануына негізінен көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталықтары себеп болып отыр. Мәселен қаладағы үш жылу электр орталығының тек біреуі толықтай газға көшірілген, ал қалғандарын газдандыру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Егер жоба толығымен жүзеге асса, экологиялық ахуал айтарлықтай жақсармақ. Әзірге жоспардың орындалу мерзімі 2026 жыл деп белгіленді.

"ЖЭО-2-ның қоршаған ортаға шығыны 37 мың тоннадан астам болса, газға ауысқаннан кейін 2,7 мың тоннаға, яғни 93 пайызға дейін азаяды", – деді Экология департаменті экологиялық зерттеу бөлімінің басшысы Айдана Хасен.

Алматыда ресми дерек бойынша, 665 мыңға жуық автомобиль тіркелген. Оған күн сайын сырттан келетін 400 мыңға жуық көлікті қосыңыз. Әрбір темір тұлпар қоршаған ортаға көміртегі оксиді, күкірт диоксиді сынды аса зиянды зат таратып, ауа сапасын төмендетеді. Қалалық экология басқармасы осы мәселенің күн тәртібінде тұрғанын айтты.

"2024 жылдың өзінде 320 мың түп ағаш отырғызылды. 2030 жылға дейін 2,5 миллион ағаш отырғызу жоспарда бар. Яғни жыл сайын 320 мың ағаштан отырғызылатын болады. Сонымен қатар электромобильдерге ауыстыру жұмысы жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 317 зарядтау станциясы жұмыс істейді.  Болашақта 311 станция салу жоспарлануда", – деді Айдана Хасен.

Алматының экологиясын жақсарту бағытында биыл газбен жүретін 775 автобус сатып алынды. Бұған тағы 115 электр автобусын қосыңыз. Көліктен бөлінетін зиянды қалдықтарды азайтып, ауа сапасын арттыру мақсатында троллейбус паркі де толық жаңарған.

Мәди Мәлік, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Азық-түлік себеті: ел тұрғындары қандай өнімдерді көп тұтынады

Новости партнеров