Алматыға күн сайын қанша көлік кіріп шығады

11.02.2025 16:20

Алматыда қалалық Мәслихаттың кезектен тыс XXVII сессиясы өтті

Almaty.tv

«Алматыға күн сайын 300 мыңнан астам көлік кіріп шығады. Ал олардың ағынын азайту үшін қоғамдық көліктің санын арттыру маңызды". Бұл туралы қалалық мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев мәслихаттың кезектен тыс сессиясында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, қазір шаһарда 201 тұрақты маршрут ұйымдастырылған, оның 147-сі қалалық, 54 қала маңына қатынайтын қоғамдық көліктер. Ал оның ішінде әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесіне тек 178 маршрут енгізілген. Басқарма басшысы қалған 23 бағытты да осы тізімге қосуды ұсынды. Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар ұсынысты бірауыздан қолдады.

"Қала аймағын қамтамасыз ету үшін 30 маршрут жоспарладық. 2023 жылы оның 20 маршрутын аштық. Ол Алматы қаласынан 50 километрді қамтитын елдімекендерді қамтамасыз етеді. 2024 жылға Талғар, Іле, Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарын 20 маршрутжүреді деп жоспарланған. Ал 3 қалалық маршруттың екеуі қазір жұмысын жүргізіп жатыр", – деді мобилділік басқармасының бөлім басшысы Азамат Ешанқұл.

Сондай-ақ мәслихат отырысында Алматыда жылумен жабдықтауды дамытудың 2030 жылға дейінгі жоспары әзірленгені айтылды. Энергетика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбақыт Серікбайдың сөзінше, жаңа құжат жылу желілерін жаңғырту, ескірген технологиялар мен жабдықтарды ауыстыру және жаңа қазандықтар салуды көздейді. Сондай-ақ жауапты басқарма өкілі мегаполисте мерзімі 25 жылдан асқан жылу желілерінің ұзындығы жыл сайын артып келетінін тілге тиек етті.  

"Жұмыстың мақсаты Алматы қаласы аумағында желілік инфрақұрылымды және генерациялайтын қуаттарды дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеу болып табылады. Жобаны әзірлеу кезінде алдағы онжылдықтарға ресурстарды ұтымды бөлуге мүмкіндік беретін және ұзақ мерзімді перспективада жылумен жабдықтаудың тұрақтылығына кепілдік беретін болжам жүзеге асырылды", – деді Энергетика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбақыт Серікбай.

Оқи отырыңыз: Алматыда қоғамдық көліктің тағы 23 бағыты әлеуметтік маңызды деп танылды