Ата-анамнан ақша сұрамаймын: СҚО-да мектепте оқу озаттарына шәкіртақы төленеді

11.02.2025 16:36

Білім ордасында 128 оқу озаты шәкіртақы иегері атанған

Петропавлдағы мектептердің бірінде оқу озаттарына шәкіртақы төленеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ғабит Мүсірепов атындағы №43 орта мектебінде оқу озаттарын ынталандырудың ерекше дәстүрі қалыптасқан. 2017 жылдан бері бұл білім ордасында үздік оқушыларға жергілікті меценаттың қолдауымен шәкіртақы беріледі. 10-сынып оқушысы Виктория Орлова – осы марапатқа лайық деп танылғандардың бірі. Барлық пәннен үздік баға алып жүрген ол ай сайын 20 мың теңге көлемінде ақша алады. Виктория үшін бұл тек қаржылай қолдау ғана емес, білімін шыңдауға деген ерекше ынталандыру.

"Ақша үшін оқымаймын. Білім алу – мен үшін өте маңызды, себебі үздік аттестат алуым керек. Ынталандыру шәкіртақысы – мектептің оқушылары үшін тамаша мүмкіндік. Мәселен менің күнделікті қажетілігімді осы ақша жабады. Ата-анамнан қазір ақша сұрамаймын", – деді Ғ. Мүсірепов атындағы №43 орта мектебінің оқушысы Виктория Орлова.

Шәкіртақы мөлшері оқушының жасына байланысты әртүрлі төленеді. Үш мыңнан 20 мың теңгеге дейін өзгеріп отырады. Ұстаздар бұл бастаманың оқушылардың ынтасын арттырып, білімге деген құлшынысын еселей түскенін айтады.

"Бастама балалар үшін ынталандыру екені сөзсіз. Оқушылардың үй тапсырмасын мұқият орындауы мен жауапкершілігінің артқанын аңғаруға болады. Сондай-ақ жиынтық бағалау нәтижелері де айтарлықтай жақсарған. Шәкіртақы ата-аналарының кейбір материалдық мәселелерін жеңілдетуге де септігін тигізеді деп ойлаймын", – деді Ғ. Мүсірепов атындағы №43 орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Марина Дериглазова.

Оқушылардың білімге деген ынтасын арттырып, озат болуға ұмтылдыратын ерекше жүйе жемісін беруде. Мектеп директорының айтуынша, бұл бастаманың тиімділігін байқап, өзге білім ордаларының оқушылары да осы мектепке ауысуға асық.

"Озат оқушылар біздің мектепке ауысуға тырысады. Бұл мектептің білім сапасын арттыруға оң әсерін тигізуде. Балалар қуанышты, ата-аналар да риза. Озат және үлгілі оқушылар түрлі олимпиадаларға қатысып, қалалық, облыстық, республикалық деңгейде жүлделі орындарға ие болып жүр", – деді Ғ. Мүсірепов атындағы №43 орта мектебінің директоры Аққу Омарова.

Ғ.Мүсірепов атындағы №43 мектеп – шәкіртақымен ынталандыру жүйесі енгізілген СҚО-дағы жалғыз білім ордасы. Мұнда 860 оқушы білім алса, олардың 128-і оқу озаты ретінде шәкіртақы иегері атанған.
Мәди Мәлік, Нұргүл Алина, СҚО

Оқи отырыңыз: Орынсыз тексеру: Сыр өңірінде 81 балабақша жұмысын тоқтатуы мүмкін