Алматының индустриалды аймағында 11 жаңа өндіріс іске қосылады

Индустриалды аймақтың қазір 107 компания жұмыс істеп тұр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматының индустриалды аймағында 11 жаңа өндіріс іске қосылады. Оның аясында 2662 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматының индустриалды аймағында автоөнеркәсіп саласы қарқын алып келеді. Ондағы жеңіл автокөлік өндіретін толық циклді зауыттың бірі жаңғырту жұмыстарын аяқтады. Нәтижесінде дәнекерлеу, бояу және жинақтау цехтарында роботтандырылған учаскелер пайда болып, бұл еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді. Қазір мұнда бас-аяғы 11 өнеркәсіптік робот орнатылып, өндірістік желілер кеңейтілген. Ал биыл кәсіпорында жұмыс істейтіндер саны 1600 адамға жетеді деп жоспарланыпты. Жалпы ауданы 100 мың шаршы метрді құрайтын автокомпоненттер технопаркінде үш негізгі нысан бар. Маңыздысының бірі – автокөлік орындықтарын шығаратын зауыт. Биыл ғана іске қосылып, жұмысын бастаған кәсіпорынның өндіріс қуаты жылына 100 мың орындық жиынтық.    

 «Инвестиция көлемі 4 млрд теңгені құрады. Қазір зауытта 70 адамдай жұмыс істейді. Кәсіпорында қалып-пішіні жасалып, жақтауы құрастырылады және пластикалық элементтер қапталып, автокөлік орындықтарын басқару жүйелерін тексеру сияқты процес жүзеге асады. Ол үшін жабдықтар Кореядан жеткізіледі», – деді автокөлік орындықтарын шығаратын зауыттың директоры Асқар Ибрашев.

Сондай-ақ индустриалды аймақта микрошөп өсіретін вертикалды жылыжай іске қосылды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 300 мың өнімді құрайды. Ал инвестиция көлемі – 121 млн теңге. Оның 100 млн теңгесі кәсіпкердің өз қаражаты болса, 21 млн теңге – «Аlmaty» микроқаржы ұйымынан 2% мөлшерлемемен алынған ақша. Компания директоры Ульяна Савченко мұндай мүмкіндік кәсіп иелері үшін айтарлықтай көмек деп атап өтті.

«Салат, руккола, базилик және басқа да микрошөп түрлерін өсіреміз. Бұған дейін қалада орналасқан ауданы 200 шаршы метр нысанда жұмыс істедік, оны жалға алу да қымбатырақ болды. Қазір мұнда 600 шаршы метр аумақта өз жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Мұнда көшіп келгелі 4 айдай уақыт болды. Мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамыз!» – деді жылыжай кешенінің директоры Ульяна Савченко.

 «Жұмыс істеп жатқаныма 3 жыл болды. Жұмысым ұнайды. Ешқандай химиялық зат қосылмаған таза өнімдер», – деді жылыжай кешенінің қызметкері Индира Айымқұлова.

Биыл индустриалды аймақта тағы бес шағын өнеркәсіп паркі ашылады. Бұл жобаларға 2,48 млрд теңге инвестиция салынып, 640 жұмыс орны құрылмақ. Айта кетейік, бұл аумақтың дамуы Алматы қаласындағы шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламаларымен қатар жүргізіліп келеді. Бүгінде қалада 1594 адам еңбек ететін 16 шағын өнеркәсіп паркі жұмыс істейді. 2026 жылға дейін тағы 24 парк салу жоспарланып отыр.

 «2026 жылы 190 гектар жер қосылады. Бұл – екінші кезең. Қазір өтінім қабылдап жатырмыз», – деді Алматы индустриалды аймағы инвесторларды сүйемелдеу департаментінің бас маманы Ян Прокудин.

Индустриалды аймақтың жалпы аумағы қазір 490 гектар. Онда 107 компания жұмыс істеп тұр. Ал кәсіпкерлер салған инвестиция көлемі 500 миллиард теңгеден асады.

Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматыда WorldSkills Almaty-2025 X аймақтық чемпионатының жеңімпаздары марапатталды

Новости партнеров