Жұмыстарды аяқтау 2026 жылдың қыркүйегінде жоспарлануда
Медеу ауданының тұрғындарымен кездесу барысында Алматы әкімі Ерболат Досаев тұрғындарды сапалы инженерлік инфрақұрылыммен кешенді қамтамасыз етудің нәтижелері мен жоспарларды атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру аясында бұрын-соңды су мен кәріз болмаған шалғайдағы шағын аудандар қамтылған. Мәселен, осы жылдың наурыз айында «Каменское плато» ш/а батыс бөлігіндегі 7 мың тұрғыны үшін 50 км сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысы басталады. Жұмыстарды аяқтау 2026 жылдың қыркүйегінде жоспарлануда.
«2025 жылы Мұзтау, Сұлусай, Атырау, Алатау, Кіші Станица және Таулы қырат шағын аудандарында тағы 100 км су құбыры және кәріз желілерінің құрылысы аяқталады», - деп атап өтті қала әкімі.
2024 жылдың қорытындысы бойынша ауданда 6 скважина салынды, қуаттылығы тәулігіне 37,7 мың м3 су болатын 12 сорғы орнатылды, көлемі 7,3 мың м3 7 резервуар тұрғызылды және Каменское плато, Көлсай, Мұзтау және Юбилейный шағынаудандарында 6 км магистральдық желі салынды. Сонымен қатар, Кеңсай, Компот, Думан және Көлсай шағын аудандарында 61 км желі салынды.
Маңызды жобалардың бірі 2024 жылдың шілдесінде сумен жабдықтаудың резервтік жүйесін іске қосу болды. Бүгінде ол Самал, Көк-Төбе және Таулы қырат шағынаудандарының 50 мың тұрғыны үшін Талғар жер асты суларының кен орындарынан тәулігіне 32 мың текше метр су беруді қамтамасыз етеді.
Жалпы Алматыда қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша 2025 жылы 260 км жаңа құрылыс салу және 87 км қолданыстағы сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғырту жоспарланған.
Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа перзентхана мен жедел жәрдемнің қосалқы станциясы салынады