Сонымен қатар 2025 жылғы мамырда жылжымалы құрам 13 маршрутта тағы 44 автобусқа ұлғайтылатын болады
Медеу ауданының тұрғындарымен кездесу барысында Алматы әкімі Ерболат Досаев жол және көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала басшысы 2024 жылы ұзындығы 23 км 26 көше орташа жөндеумен қамтылғанын хабарлады. Биыл 25 көшеде тағы 23,7 км жолға орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Медеу ауданында көше-жол желісінің сапасын арттыру үшін өткен жылы 64 мың шаршы метр жол жабыны қалпына келтірілді, 30 көшеде 14,3 км тротуар және 10 км арық желілері салынды. 2025 жылы 73 мың шаршы метр жол жабынын жөндеуді, 9 көшеде 36 шақырымнан астам жаңа тротуарлар салуды және 18 көшеде 5 шақырымға жуық арық желілерін салуды қоса алғанда, бірқатар қосымша жұмыстарды орындау жоспарлануда.
Кездесу барысында Алматы әкімі ауданда қоғамдық көлік қызметтерінің сапасын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да хабардар етті. 2024 жылы жылжымалы құрам 300 бірлікке 1569 автобусқа дейін ұлғайтылды, бұл 8 жаңа маршрутты ұйымдастыруға, 42 қолданыстағы маршрутты жаңартуға және нығайтуға мүмкіндік берді. 2025 жылғы мамырда жылжымалы құрам 13 маршрутта тағы 44 автобусқа ұлғайтылатын болады.
Жалпы Алматыда 2025 жылы қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыру және дамыту мақсатында қала аудандары бойынша одан әрі бөле отырып, тағы 800 жаңа автобус сатып алу жоспарлануда.
Оқи отырыңыз: Алматының Медеу ауданында 100 шақырым инженерлік желі салынады