Алматының тау бөктерінде тағы бір заңсыз нысан бұзылып жатыр

17.04.2025 20:06

Сот нысанды бұзу туралы шешім шығарды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасының хабарлауынша, Жантөбе бау-бақша серіктестігінде (уч. 51) орналасқан үш қабатты құрылысы жүріп жатқан нысан бұзып жатыр. Аталған нысан топырақ көшкіні қаупі бар аймақта орналасқан, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Бұған дейін меншік иесіне (жеке тұлға) рұқсат құжаттарының болмауына байланысты әкімшілік шаралар қолданылып, жоспардан тыс тексеру аясында заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.

Кейін басқарма тарапынан бұл нұсқаманы мәжбүрлеп орындату, атап айтқанда нысанды бұзу туралы талаппен Алматы қаласы Медеу аудандық сотына талап-арыз берілді.

Сот талап-арызды қанағаттандырып, 2024 жылғы 26 маусымда нысанды бұзу туралы шешім шығарды.

Қазіргі таңда нысанды сүру жұмыстары Әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен басталды.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы әкімі Ерболат Досаевтың құрылысқа бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында 2023 жылдың басынан бері 74 заңсыз нысан, оның ішінде «Мечта», KHAN тұрғын үй кешендері және басқа да ғимараттар толық немесе жартылай бұзылды.

Оқи отырыңыз: Smart Pelvic: Алматыда жамбас түбі бұлшықеттеріне арналған диагностикалық орталық ашылды