Алматының Әуезов ауданында жаңа кәріз жүйелері салынады

03.04.2025 11:01

Қалада инженерлік желілерді жаңғырту және жаңарту бойынша кешенді шаралар қызу жүріп жатыр

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі

2025 жылы Мамыр-4 шағын ауданында 12,3 км су және кәріз жүйелерінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданында тұрғындармен өткен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала басшысының айтуынша, бұл жоба ауданның 800-ден астам тұрғынын сапалы инженерлік желілермен қамтамасыз етеді.

2025 жылдың сәуір айында Достық шағынауданында 22 көшеде 15,7 км кәріз жүйелерін салу жұмыстары қайта жалғасады.

«Былтыр Рабат, Виноградов және Дастан көшелеріндегі тұрғындарды қамту үшін жобаны түзеттік. Бұл көшелердің асфальт төсемі толық қалпына келтіріледі. Жұмыс 2025 жылдың қазан айында аяқталады», – деді Ерболат Досаев.

Биыл қазан айында Саин-Жандосов-Қарғалы өзені-Шаляпин көшелерінің аумағында 3 мыңнан астам тұрғынға сапалы су және кәріз жүйелерін қамтамасыз ету үшін 49 км инженерлік желілерді салу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.

2024 жылы 12 көше бойынша, соның ішінде бұрынғы «Восход», «Садовод» және «Ветеран» бау-бақша серіктестіктерінде 12,3 км су және кәріз жүйелері салынды.

Сонымен қатар, 2024 жылы Саин, Тоқтабаев, Черепанов көшелерінде және Мамыр-3 және 5 шағынаудандарында 30 жыл бұрын салынған 4,9 км жылу жүйелерін реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Биыл тамызда Жетысу-2 шағынауданында 1,1 км жылу жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталмақ.

Жалпы, қалада инженерлік желілерді жаңғырту және жаңарту бойынша кешенді шаралар қызу жүріп жатыр. Осы шаралардың арқасында 2025 жылы су жүйелерінің тозу деңгейі 52,9%-ға, кәріз жүйесінің тозуы 53,9%-ға, электрмен жабдықтау жүйесінің тозуы 63,3%-ға дейін төмендейді.

Оқи отырыңыз: Алматының Әуезов ауданында жаңа қоғамдық кеңістіктер салынады