Алматыда тұрғындарының 98 пайызы газ тұтыну жүйесімен жылынса, қалған 2 пайызы тұрмыстық баллондарды қолданады
Игілігін көріп келе жатқан көгілдір отынды қолданудың қауіп-қатері жетерлік. Сондықтан Алматыда жауапты мамандардан құрылған топ қысқы маусымда пешпен жылытылатын үйлер мен тамақтану орындарын аралап, өрт пен газ қауіпсіздігі шараларын пысықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ресми деректерге сай, мегаполис тұрғындарының 98 пайызы газ тұтыну жүйесімен жылынса, қалған 2 пайызы тұрмыстық баллондарды қолданып келеді. Мамандардың айтуынша, қауіпсіздік ережелеріне селқос қарау салдарынан газға уланып, өрт шығады. Төтеншеліктердің дерегінше, қызыл жалынның 95пайызы жылыту пештерін дұрыс қолданбаудан шығады. Соның салдарынан газбен уланып зардап шегетіндер де бар. Газ қондырғыларының техникалық жағдайын дер кезінде тексермеу, желдету жүйесін ұйымдастырмау, ақау пайда болған жағдайды өз бетімен жөндеуге кірісу – бұның бәрі қатер төндіретін факторлар.
"Бізде арнайы құрылғы тұр. Егер қандай да бір ақау шықса, газды жауап тастайды. Бірден 104 нөміріне хабарласамыз, ал зақымданса, мамандарды шақырамыз", – деді қала тұрғыны Рауан Смағұлова.
Қыс мезгілінде көгілдір отын тұтынушылары үшін қауіпсіздік шараларын қатаң қадағалау өте маңызды. Егер құбырыңызда ақау бар деп сескенсеңіз, мынандай тәсіл арқылы оны тексеруге болады. Дымқыл шүберекті алып, құбырдың бетімен өтуіңіз керек. Егер ауа көпіршіктері пайда болатын болса, демек жүйе зақымданған. Дереу 104 нөміріне хабарласып, тиісті мамандарды шақыру керек.
Суық мезгілде көгілдір отынды пайдаланғанда түрлі оқыс оқиғалар – улану, өрт, жарылыс қаупі арта түсетіні жасырын емес. Тілсіз жау иіссіз, түссіз, бірақ аса қатерлі. Бұндай оқиғалардың алдын алып, халыққа маңызды ақпарды жеткізіп, қауіпсіздік шараларын қадағалау үшін қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері газ тұтыну жүйелері мен әлеуметтік нысандардағы қауіпсіздік талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізді.
"Тұтынушыларға қызмет көрсететін "Алматы Газ" жұмыскерлерімен бірге отырып, үй аралауды ұйымдастырамыз. Биыл Әуезов ауданынан басталып отыр. Әр ауданға бір-бір айдан уақыт бөлеміз. Көгілдір отынды дұрыс қолданбаған жағдайда, әртүрлі зардапқа әкеліп соғуы мүмкін", – деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы Динара Жусанбекова.
"Газ құбырларының ақауы, қоспаларының ажырап кетуі, газ қондырғысының ашық қалып, газбен улану фактілері тіркелуі мүмкін. Сондықтан барынша қауіпсіздік шараларын сақтап, барлық құбырды жауып, пайдаланған дұрыс", – деді Әуезов ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Рауан Дәуренұлы.
Жауапты мамандар жыл басталысымен тексерістер кестесін құрып, шаһардағы барлық ауданын қамтып, бақылау ұйымдастырады. Былтыр азаматтардың өтініштері негізінде 14 жоспардан тыс қадағалау жүргізіп, нәтижесінде 7 объектіге әкімшілік жаза қолданылды.
Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Министрлік электр энергиясының шекті тарифін бекітті