Қазақстанда жасалған: Алматыдағы сауда сөрелерінде отандық өнімге басымдық беріліп жатыр - министр

Ведомство басшысының сөзінше, шаһардағы ірі дүкен желілерінде көкөніс қоры жеткілікті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

“Алматыдағы сауда сөрелерінде отандық өнімге басымдық беріліп жатыр”. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мегаполистегі ірі сауда-саттық желілерін аралап, осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ведомство басшысының сөзінше, шаһардағы ірі дүкен желілерінде көкөніс қоры жеткілікті, ал өнімдерді қазақстандық фермерлерден тікелей сатып алады. Мәселен бір ғана супермаркет желісінің қоймасында 500 тоннадан астам көкөніс сақталады. Дүкендердегі әсіресе, сүт өнімдерінің 97 пайызы елде шығарылады. Министр сондай-ақ сауда желілерінде қазақстандық тауарларға ерекше белгі қойылып, оларды көрнекі жерге орналастырудың міндетті шарт екенін атап өтті. Ал мемлекеттік қолдау алған сауда объектілерінде отандық азық-түлік өнімдері сөрелердің кемінде 50 пайызында тұруы тиіс. Тұрмыстық тауарлардың да кемі 20 проценті Қазақстанда өндірілуі шарт.

"Ірі сауда желілерінің біріне келіп отырмыз. Қазір ассортиментпен таныстық. «Қазақстанда жасалған» деген белгі бар ма? Тексеріп жатырмыз. Көкөністер бар-жоғын, кімнен алатынын сұрадық. Олар отандық өндірушілермен келісімшартқа отырған", – деді ҚР СИМ Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков.

Мегаполисте сауда орындарындағы тауарларды дұрыс орналастыру талаптары күшейтілді. Мысалы май мен май өнімдерінің балама түрлері бір сөреге қойылмауы тиіс. Сонымен қатар, министр Алматыдағы сауда орталықтарында отандық өндірушілердің тауар көрмелерін ұйымдастыруды ұсынды.

Айта кетейік, алып шаһарда 11 ірі сауда желісі мен 3500-ден астам шағын дүкен жұмыс істейді.

Оқи отырыңыз: «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына биылғы 1 қаңтарда 66 571 өтінім түсті

Новости партнеров