"Келешек" жинақтау жүйесі: алматылық ЖОО талапкерлерге жеңілдік жасайды

22.01.2025 14:12

Оқу ордасы мен "Қаржы орталығы" ортақ меморандумға қол қойды

Алматыдағы Сәтбаев университеті "Келешек" жинақтау жүйесіне қатысушыларға жеңілдіктер жасайды. Күні кеше оқу ордасы мен "Қаржы орталығы" ортақ меморандумға қол қойды. Оған сәйкес, талапкерлер оқуға түскенде білім ордасы тарапынан көмек ала алады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жастарды сапалы біліммен қамтамасыз етуге бағытталған "Келешек" бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі әртүрлі көздерден қаржы мен жеңілдіктер жинастыруды қарастырады. Осы бағытта Сәтбаев университеті аталған бағдарламаға аясында талапкерлерге айтарлықтай қолдау көрсетпек. Енді меморандум аясында білім ордасы "Келешек" ерікті жинақтау жүйесіне қатысушыларға университет тарапынан оқу ақысына 20%-дан 50%-ға дейінгі көлемде жеңілдіктер ұсынады.

"Бала орта мектеп бітіріп жатқанда оның шотында 4-5 миллион ақша болады. Гранттардың да сұрауы бар ғой. Қазір 40 процентпен сол оқу саласында грантпен қамтамасыз етіледі. Уақыт өте келе ол процент азаяды. Сондықтан өзінің таңдаған бағытына баруға қолдау болады", - деді Satbayev University академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Раиса Өскенбаев.

Жүйенің негізгі мақсаты – әртүрлі көздерден түсетін қаражатты бірыңғай жинақтап, әрбір талапкердің қалаған мамандығы бойынша білім алуына мүмкіндік беру. Ол үшін бала 5 жасқа толғанда ата-ана сақтандыру компаниясымен шарт жасасып, мемлекет тарапынан арнайы бір реттік төлемді алып, кейіннен қаржы салып отырады. Сондай-ақ сақтандыру ұйымдарынан есептелетін инвестициялық кірістер, бюджет қаражаты есебінен есептелген 5-7 % мөлшеріндегі мемлекеттік сыйлықақы керек қаражатты жинақтауға мүмкіндік бермек.

"Кез келген ата-ана ең бірінші кезекте баласының денсаулығымен қатар, оған жоғары білім беруді ойлайтыны сөзсіз. Жиналған ақшаны қолма қол алу мүмкін емес. Егер бала грантқа түскен жағдайда қаржыны магистратурада оқуға немесе баспаналы болу кезінде пайдалана беруіне болады. Сондықтан бұл баланың келешегі үшін жасалған керемет инвестиция деп қарастыруға болады", - деді «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Ибраимов.

Қаржы орталығы бағдарлама аясында еліміздегі басқа да жоғары оқу орындарымен ортақ келісімге келуді жалғастыра бермек.

Айта кету керек, жинақталған қаражатпен шетелдік жоғары оқу орындарында да білім алуға болады. Бастысы - ата-ана бағдарламаның тиімділігіне ден қойып, баланың келешегі үшін жинақтауды қолға алса болғаны.

Жансая Олжабек, Жақсылық Тілепберген, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қолайсыз ауа райы: Алматыда коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр