Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматының Алатау ауданындағы 23 мың тұрғын жыл соңына дейін сапалы ауыз сумен қамтылады. Бұл туралы шаһар басшысы Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тұрғындармен өткізген кездесуінде қала әкімі аудандағы 81 шақырым жолдың орташа жөндеуден өтетінін де айтты. Басқосуда осы жылы Алатаудың бюджеті 30 пайызға артқаны сөз болды. 2025 жылы аудандағы 255 көше мен қоғамдық орынды жарықпен қамтамасыз ету көзделген. Нәтижесінде 3 мыңға жуық бағана мен 3,5 мыңнан аса шам орнатылмақ. Сонымен қатар инженерлік желілерді де жаңғырту жоспарланған.

 «2025 жылы Шаңырақ-1, Шаңырақ-2 және Қарасу шағынаудандарында 18 кәріз-сорғы стансасының құрылысы аяқталды. Қыркүйекке дейін нысандарды іске қосу жоспарланған. Қарашада Өжет және Самғау шағынаудандарында жалпы сомасы 2,1 миллиард теңге болатын тағы 5 станса жұмысын бастайды», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Жиында Саялы шағынауданында инновациялық-шығармашылық орталық ашылады. Нысан құрылысы 2026 жылы аяқталады. Ал одан бөлек, Саялыда биыл тағы бір амбулаторияны іске қосу жоспарланыпты. Мекеме бір ауысымда 200 адамды қабылдауға қауқарлы. Шаһар басшысы сөзінде қоғамдық орындарды абаттандыруға ерекше көңіл бөлініп жатқанын да жеткізді.

«Ал 2025 жылдың маусым айында Өжет шағынауданындағы 16 гектар су қоймасы аумағын абаттандыру жобасының аяқталуын күтудеміз. Бұл жоба аясында аумақты көгалдандыру, жаяу жүргіншілер аймақтарын құру, спорт және балалар алаңдарын салу қарастырылған. 2025 жылдың қазан айының соңына дейін 220 миллион теңгеге «Қарасу» көлінің маңын абаттандыру жұмыстары жоспарланған. Сондай-ақ өткен жылы ағымдағы жөндеу аясында 6 қоғамдық кеңістік абаттандырылып, 2,6 миллиард теңгеге 2 автосуару жүйесі орнатылды», – деді қала әкімі.

Кездесудің тікелей эфирін мына жерден қараңыз:

Новости партнеров