Ерболат Досаев Медеу ауданы тұрғындарымен кездесті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Медеу ауданына 100 шақырым инженерлік желі тартылады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шаһар басшысының айтуынша, жолдар мен жаяу жүргіншілер аймақтарын жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл Медеу ауданына қарасты 25 көшеде 23 шақырымнан астам жол жөнделмек. Тағы 73 мың шаршы метр жол жабыны жаңартылып, 9 көшеде 36 километрге созылған тротуар салынады. Кездесу кезінде аудан тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысандардың да бой көтеретіні айтылды. Нақтыласақ, ауданда жаңа перзентхана мен жедел жәрдемнің қосалқы стансасы салынады. Ауданада мектепке дейінгі білім беру желісін модернизациялау ісі де көш ілгері.

 «2025 жылдың соңына дейін 500 орындық 10 жеке балабақша ашу жоспарлануда. 2025 жылы ақпанда Думан-2 шағынауданында 320 орындық жеке балабақшаның құрылысы басталды. 2026 жылы ақпанда құрылыс аяқталады. Биыл сәуірде №195 балабақша ғимаратын күрделі жөндеуге 1,2 млрд теңге бөлінді», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Биыл мамырда Достық даңғылы мен Пушкин көшесінде ауқымды жұмыс басталатынын да айта кетейік. Мұнда жалпы сомасы 4,5 млрд теңгелік «қасбеттен қасбетке дейін» абаттандыру ісі қолға алынады. Ал «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 34 жобаны іске асыруға 2 млрд теңге бөлінген. Енді сәуір мен қыркүйек аралығында 17 аула мен 13 қоғамдық кеңістікті абаттандыру көзделген.. Тағы 4 учаскеде автосуару жүйесі орнатылмақ.

«Ауданның қоғамдық кеңістігін дамыту бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Аудан тұрғындарының уақыт өткізуі мен демалысына қолайлы жағдай жасау үшін 2025 жылдың сәуір айында «Терренкур»-дың 3,4 га аумағын 1,5 млрд теңгеге модернизациялау жобасы аяқталады. Жоба тоғанды абаттандыруды,  балалар мен спорт алаңдарын құруды қамтиды, – деді қала әкімі.

Кездесуді мына жерден қараңыз.

 

Новости партнеров