Ерболат Досаев Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесті

10.04.2025 08:56

Алматының Түрксіб ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 6100 орындық 4 жаңа мектеп салынады. Ал жыл соңына дейін №50 орта мектеп сейсмикалық күшейтіліп, күрделі жөндеуден өтеді. Қазір тағы 4 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Оның аясында бірнеше білім ордасының жанына қосымша құрылыс салу, реконструкциялау, ескі ғимараттарды бұзу шаруалары қолға алынбақ. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев жергілікті жұртпен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ауданда мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығын төмендету жұмыстары жүріп жатыр. Сәуір айының соңына дейін Қайрат шағынауданындағы №192 балабақшаның құрылысы аяқталса, қазанда Әлмеректе 320 орындық бөбекжай салу көзделіп отыр. Сондай-ақ аудандағы өзекті мәселе – инженерлік желілер мен коммуналдық инфрақұрылымды дамыту. Былтыр ұзындығы 190 шақырымға жететін магистральдық сумен жабдықтау және су бұру желілері салынып, оған Әлмерек пен Жас қанат шағынаудандарының тұрғындары толық қосылған. Сонымен қатар жаңа кәріз сорғы желілерінің құрылысы, жылу желілерін модернизациялау шаруалары да жалғасуда. 

«2024 жылы Спасская, ол Нұрсая көшесі мен Урицкий көшесіне дейінгі аумақ және Сүйінбай көшесіндегі Бекмаханов пен Гаршин көшесіндегі  2 учаскеде 2,1 км жылу желілері реконструкциядан өтті. Осы жылы тағы 2 учаскеде Майлин көшесінің бойындағы Наманганский көшесі мен Монтажный көшесіне дейін және Сейфуллин даңғылындағы Ақан сері көшесінен Котельниковке дейін 8,1 км жылу желілерінің реконструкциясы жоспарланған», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Аудан тұрғындарын қолжетімді және сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін былтыр қазанда Нұршашқан шағынауданында жаңа отбасылық-дәрігерлік амбулатория ашылған. Бұл мекеме бір ауысымда 100 науқасты қабылдауға қауқарлы. Жедел жәрдем қызметі де назардан тыс қалмаған. Наманганская көшесінде 10 бригадаға есептелген №13 шұғыл медициналық жәрдем қосалқы стансасы іске қосылған. Ал биыл тамызда Айбасов көшесінде тағы бір отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталады деп күтіліп отыр.

Аудандағы тағы бір маңызды мәселе – мегаполистегі ескі тұрғын үйлердің жартысы осында орналасқан. Жайлы қалалық орта құру үшін шаһар билігі 2030 жылға дейін тұрғын үйлерді жаңғыртудың жаңа бағдарламасын бекітті. Соның аясында Алтай-2 шағынауданында тозығы жеткен 6 үйдің орнына тоғыз қабатты 3 үй салынып жатыр. Сондай-ақ Сауранбаев көшесіндегі 3 үйді де бұзып, жаңа 8 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, ауданды көріктендіруге бағытталған «Халық қатысатын бюджет» жобасы да жалғасуда. Биыл бұл бастама аясында 32 жоба іске аспақ.

«Биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында аумақтарды абаттандыру, автоматты суаруды орнату және көшені жарықтандыру сияқты тұрғындары ұсынған 32 жобаны іске асыруға 2 млрд теңге бөлінді. Жұмыстарды осы айда бастауды жоспарлап отырмыз», – деді қала әкімі.

Оқи отырыңыз: Түрксіб ауданында 6100 орындық 4 жаңа жайлы мектеп салынады

Кездесуді мына жерден қараңыз.