Оқушылар автобуспен тасымалданады: Алматы мектептерінің бірі жөндеуге жабылады

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Жаңарту жұмыстары кезеңінде оқушылар Медеу ауданының басқа білім беру мекемелеріне бөлінеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

 

Алматы қаласының білім басқармасы хабарлағандай, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектептерді жаңарту бойынша бірыңғай жоспарды бекітті. Медеу ауданында 46 жыл бұрын салынған №30 мектеп-гимназиясы ашылғаннан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Бүгінде реконструкциялау жұмыстарын бастау үшін барлық дайындық шарасы аяқталды, мердігер компания таңдалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құрылыс-монтаждау жұмыстары осы жылдың наурыз айында басталады. 2026-2027 оқу жылына дейін оқушыларға жайлы жағдай жасау жоспарланып отыр. Күрделі жөндеу жұмыстарын бастау туралы түпкілікті шешім қабылдамас бұрын барлық білім беру үдерісіне қатысушылар мен ата-аналар алдын ала құлағдар етіледі.

Қазіргі уақытта мектепте 1067 оқушы оқиды. Оқу үдерісі қалыпты режимде, сабақтар уақытылы өтіп жатыр.

11 ақпанда Медеу ауданының білім бөлімі мен Алматының білім басқармасы өткізген жалпы мектептік ата-аналар жиналысында мектепті жаңарту жобасы туралы толық ақпарат берілді. Ата-аналар көкейде жүрген сұрақтар қойып, ұсыныс білдіре алды.

Оқушыларға үздіксіз білім беру үшін мектеп әкімшілігі мен білім басқармасы оқушыларды Медеу ауданындағы басқа білім беру мекемелеріне бөлу туралы келісімге келді:

  • «№77 жалпы білім беретін мектеп» КММ - 414 оқушы;
  • «№ 47 жалпы білім беретін мектеп» КММ - 326 оқушы;
  • «№56 Гимназия» КММ - 210 оқушы;
  • «М. Мәметова атындағы «№28 мектеп-лицейі» КММ - 117 оқушы.

Бұған қоса, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шара қабылданды: қажет болған жағдайда оларды мектептерге автобустармен тасымалдау ұйымдастырылады.

№30 мектеп-гимназиясының жаңарту жұмыстары аяқталғаннан кейін оқушылар заманауи әрі жайлы оқу жағдайында білім алады. Жаңарту жобасы аясында:

  • мектеп ғимаратының күрделі жөндеуі;
  • заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау;
  • мектеп жиһазын жаңарту;
  • кітапхана мен асхананы жаңғырту;
  • спорт залын қайта құру;
  • қауіпсіздік жүйелерін орнату.

Оқи отырыңыз: Алматының орталығындағы сауда павильоны бұзылды

Новости партнеров