Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Алматыға жұмыс сапарымен келді

17.04.2025 15:53

Жиында кино, музыка саласында серпін бар екені де айтылып, театрға қызығушылық танытқандардың көбейгені сөз болды

Ел президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды Almaty.tv.

 Алдымен мәдениет, спорт және денсаулық саласының қызметкерлерімен кездескен ол Мемлекет басшының Ұлттық құрылтайдың 4- отырысында көтерген мәселеріне тоқталып, заң мен тәртіпті сақтауға аса мән беру керегін сөз етті. Сонымен қатар басқосуда Мәлік Нұржанұлы ұрпақты ұлттық тәрбиеге баулу, әдебиетке көңіл бөлу және тарихтағы жетістіктерді кеңінен насихаттау маңызды екенін айтты. Сабақтастық ұғымын дұрыс түсінуге шақырды.

 «Қазақ елі көптеген тарихи формациядан өтті. Әртүрлі кезеңдерге куә болды. Бірақ «мемлекет» дейтін бір ұғым ғасырлар бойы жалғасып жатыр. Сондықтан да алдымыздағы тұрған ең басты міндет – мемлекетшілдікті сақтау, мемлекеттік дәстүрді ары қарай жалғастыру. Сабақтастық деп біз соны түсінеміз», – деді  ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев.

Жиында кино, музыка саласында серпін бар екені де айтылып, театрға қызығушылық танытқандардың көбейгені сөз болды. Ал Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов жыршы-жыраулар мұрасын насихаттау қажет екенін жеткізді.

Күн тәртібінде бұқаралық спортқа назар аудару, денсаулық саласындағы инфрақұрылымды жақсарту мәселесі де көтеріліп, деректер талданды. Мәселен биыл Алматыдағы 30 емдеу мекемесін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Сонымен қатар мамандар басқосуда сенім телефонының тиімділігін атап көрсетті.

 «Орталыққа келуге қорқатын адамдар сенім телефоны арқылы психолог мамандардан кеңес ала алады. Былтыр 1125 қоңырау түсе, биыл 1675 жан хабарласқан. Өткен жылғымен салыстырғанда 28-30 пайызға дейін өсіп отыр. Ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынасқа қатысты мәселенің көбейгенін көріп отырмыз», – деді психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Сапар Рахменшеев.  

Оқи отырыңыз: Орталық Азия елдерінің бірлескен телеарнасы құрылады