Тұрғындар тілегі орындалды: Әуезов ауданында қордаланған кәріз мәселесі шешімін тапты

Жауапты мекеме бітеліп қалған құбырды тазалап, ақауды жөндеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тұрғындардың талап-тілегі орындалды. Алматының Әуезов ауданында көптен бері қордаланған кәріз мәселесі шешімін тапты. 12 маман мен 4 техника жұмылдырылған жұмыс 10 күнге созылған, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Спортивная, 10 мекенжайында орналасқан 32 пәтерлі үйдің кәріз жүйесі тозып, тұрғындардың тұрмысын қиындатқан. 1970 жылы салынған жүйе қалпына келтіріліп, жөндеу жұмыстары аяқталды.

Әуезов ауданына қарасты "Мамыр" ықшамауданында кәріз мәселесі шешімін тапты. Тұрғындардың жанайқайына жауапты мекеме құлақ асып, құбыр бітеліп қалған жерге дереу 4 техника мен 12 жұмысшы жеткен. Соның нәтижесінде 10 ұңғыма тазаланып, бір кәріз жүйесінен ақау шыққаны анықталған.

"Әуезов ауданы әкімінің аппаратына «Мамыр» ықшамауданы тұрғындарынан өтініш келіп түсті. Дер кезінде іске кірісіп, қажетті кәріз жүйесі тазаланды. №7 үй маңындағы құбырдан ақау табылып, сынған құбырдың орнына диаметрі 160 мм, ұзындығы 2 метр болатын жаңа құбыр орнатылды", - деді Әуезов ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ерсұлтан Жұмаханов.

"Жұмысты мердігер компаниялар өте жоғары деңгейде орындады. Әкімдіктен жауапты мамандар, «Алматы Су» коммуналдық мекемесінен қызметкерлер келді. Бүлінген құбырды кесіп, орнына жаңасын қойды. Оларға алғысымды білдіремін", - деді қала тұрғыны Гүзел Қалиева.

Тұрғындарды кәріз жүйесінің қалпына келуімен қатар, тағы бір мәселе алаңдатып отыр. Олар жертөлеге аққан су арқылы түрлі зиянкес көбейіп кетуі мүмкін деп қауіптенеді. Алайда Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің мамандары жүргізген тексеріс нәтижелері онда кеміргіштер мен басқа да жәндіктердің жоқ екенін көрсетіп отыр.

"Аудан басқармасына тұрғындардан өтініш келіп түсті. Осыған орай тиісті жерге тіркетіп, жоспардан тыс жұмыс жүргізіліп жатыр. Айта кетер болсақ, жәндіктер мен тышқандарға келетін болсақ, визуалды тексеру барысында зиянкестер анықталған жоқ. Әлі де тексеру жүргізілуде", - деді Әуезов аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Перизат Әскер.

Айта кетейік, 4 қабатты тұрғын үй 1970 жылы салынған ескі жүйеге қосылған. Жауаптылар алдағы уақытта кәріз желілерін толық жаңарту жұмыстары жүргізіледі дейді.

Мәди Мәлік, Ғани Қалуов, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Импорт тежеле ме: Қазақстанда отандық тауар өндірушілердің тізілімі жасалады

Новости партнеров