Райымбек даңғылындағы BRT құрылысы қашан және қалай жүреді

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Соның нәтижесінде тұрғындар үшін ыңғайлы әрі заманауи қалалық орта қалыптасады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

23 сәуірден бастап Алматыдағы Райымбек батыр даңғылында қаладағы ең ірі көлік жобасының бірі BRT желісін іске асыру жұмыстары басталады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл жоба Алматыда алғаш рет көше кеңістігін толық қамтып, ғимараттан ғимаратқа дейінгі аралықты – жол, тротуар, жасыл аймақ пен ғимараттардың қасбетін – толығымен қайта жаңғыртуды көздейді. Соның нәтижесінде тұрғындар үшін ыңғайлы әрі заманауи қалалық орта қалыптасады.

Жоба үш бөлікке бөлінген:

  1. Пушкин көшесі – Сейфуллин даңғылы (1,8 км)
  2. Сейфуллин даңғылы – Ахрименко көшесі (7,2 км)
  3. Ахрименко көшесі – Алтын Орда (7,5 км)

Мердігерлер:
 • 1 және 2 учаске – «Казахдорстрой» ЖШС
 • 3 учаске – «Прогресс KZ» ЖШС

Құрылыс екі кезеңге бөлінген:

І кезең: 21 сәуірден маусым айына дейін құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі. Бұл кезеңде жол бойында жұмыс басталады: бір шеткі оң жақ жолақ уақытша жабылады, ал әр бағытта үш жолақпен қозғалыс сақталады.

Осы кезеңде орындалатын жұмыстар:
 • арық және дренаж жүйесін орнату
 • жаңа аялдамалар орнату
 • суару жүйесін тарту
 • инженерлік желілерді көшіру

 

ІІ кезең: Маусым айынан бастап жаңа асфальт төселіп, жол таңбалары сызылып, бағдаршамдар жаңартылады. Сонымен қатар тротуарлар, жасыл аймақтар, велосипед жолдары, балалар және спорт алаңдарын көріктендіру басталады.

Жол төсемі барлық ен бойынша жаңартылып, қозғалыс ішінара 36 сағатқа дейін жабылуы мүмкін (кварталдық кесте бойынша). Осы кезде реверсивті қозғалыс ұйымдастырылады. Мұндай уақытша қозғалыс схемасы әл-Фараби мен Абай даңғылындағы орташа жөндеу кезінде тиімділігін көрсетті.

Қала тұрғындарының жайлылығы қалай қамтамасыз етіледі?
Құрылыс жұмыстары кезінде тұрғындар мен қала қонақтарының қолайсыздықты барынша аз сезінуі және қауіпсіз жүріп-тұруы үшін барлық жағдай жасалады.

Жаяу жүргіншілер үшін:
 • жөндеу учаскелері бойымен ыңғайлы жаяу жүргіншілер бағыттары ұйымдастырылады
 • қоршаулар, пандустар және жарық шағылыстырғыш элементтер орнатылады — бұл түнгі уақыттағы қауіпсіздік пен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қолжетімділігін қамтамасыз етеді

Қоғамдық көлікпен қатынайтын жолаушылар үшін:
 • жөндеу жұмыстары кезеңінде уақытша аялдамалар қойылады, олар негізгі маршруттарға барынша жақын орналастырылады
Басты мақсат — құрылыс жүріп жатқан уақытта аудан тұрғындарының әдеттегі өмір ырғағын сақтау.

Негізгі жұмыстарды 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Жүргізілетін жұмыстар, қозғалысты уақытша жабу және схемалардағы өзгерістер туралы ақпарат Almaty_Joly Telegram арнасында, әкімдіктің әлеуметтік желілері мен 2GIS және Яндекс карталарында үнемі жаңартылып отырады. Бұл даңғыл қала мен облыс арасындағы маңызды көлік күре тамыры болғандықтан, ақпарат қала маңы тұрғындарына да жеткізіліп отырады.

Новости партнеров