Сейсмоқауіпсіздік: Алматыда табиғи апаттардан қорғану үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр

Алматы тауларындағы 6 көлдің суы азайтылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда сел жүруі мүмкін 195 учаске, ал қар көшкіні болуы ықтимал 165 орын бар. Дегенмен қауіптің бетін қайтару үшін мамандар үздіксіз қызмет етіп келеді. Мәселен, бүгінге дейін 6 көлде 4,3 миллион текше метр су босатылып, олардың деңгейі едәуір төмендепті. Сала қызметкерлері табиғи апаттардан қорғану үшін тағы қандай жұмыс атқарып үлгерді? Ал сейсмоқауіпсіздікке қаншалықты көңіл бөлініп жатыр? Бұл сауалдарға AlmatyTV тілшісі жауап іздеп көрген еді.

Сел қауіпін азайту мақсатында Алматыдағы көлдердің жалпы деңгейі 12,5 метрге төмендетілген. Одан бөлек, бөгеттерді нығайту мен жаңғырту жұмыстары да жүргізіліпті.

"Біз дәл қазір құрылысы жақында ғана аяқталған бөгеттің маңында тұрмыз. Бұл нысан туралы толығырақ "Қазселденқорғау" мекемесінің өндірістік бөлім басшысы Ұлан Омарғалиұлы тарқатып айтып береді", - деді "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Ұлан Жұмаев.

Жалпы демалушылар мен тұрғындар санының өсуіне байланысты осы Аюсай бөгетін салуға шешім қабылданған. Жалпы бөгеттің салынуы 4 жыл уақыт алды. Аяқталған уақыты - 2023 жыл. Бөгеттің жалпы сел сыйымдылығы 2,3 млн текше метрді құрайды. Бөгеттің ұзындығы – 330 метр. Биіктігі – 41 метр.

Алматы қаласында жалпы қанша бөгет бар?

Алматы қаласы бойынша ірі-ірі өзендердің бойында бөгеттер салынған. Ол Ақсай өзені, Қарғалы өзені, Үлкен Алматы өзені, Кіші Алматы өзені. Жалпы өзендерде 8 бөгет бар.

Атап өтерлігі, қазір Ақсай шатқалында да жаңа бөгет салынып жатыр. Оның сыйымдылығы – 7 млн текше метр болмақ. Мамандардың сөзінше, нысандардың техникалық жай-күйі ай сайын, ал қауіп артқан кезеңдерде екі апта сайын тексерістен өткізіледі екен.

"Алдағы қаңтар-ақпан айларында, қаңтар айының соңында өздігінен қар көшкіні жүруі мүмкін. Дегенмен қар көшкінін өздігінен болдырмас үшін алдын ала профилактикалық жұмыстар атқарамыз. Ол бойынша «Қазгидрометтің» Алматы қаласы бойынша филиалынан кеңес күтеміз. Олар «осындай жерлерді жару керек, алдын ала профилактикалық жұмыстар жүргізу қажет» деген ұсынысхат береді, біз оған дайын отырмыз", - деді "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Әлішер Тоқтасын.

Алматы қаласында сейсмоқауіпсіздікке де айрықша көңіл бөлініп жатыр. Мәселен, бүгінге дейін 17 сейсмикалық станса жаңартылған. Нысандардағы ескі қондырғылар жаңасына алмастырылған.  

Мысалы, Медеу сейсмостансасында жер сілкінісін анықтауға көмектесетін датчиктер, яғни негізгі құрылғылар осындай жер астында қазылған арнайы нысандарға қойылады. Қазір бұл жерде ескі және қазіргі қолданыстағы қондырғылар тұр. Дегенмен бұрынғылары жұмыс істемесе де, 2002 жылғы Жапония елі өндірген және былтыр ғана қойылған канадалық қондырғы қазір жұмыс істеп тұр.

"Осы уақытқа дейін сейсмикалық стансалардың, аспаптардың барлығы көнеріп кеткен, 90-жылдардан бастап бізде сейсмикалық аппаратуралардың ешқайсы жаңартылмаған. Биыл әкімдіктің берген тапсырмасы бойынша біраз сейсмикалық стансамызды жаңартып жатырмыз. Геофизикалық гравиметрлер, гидрохимиялық аспаптар сатып алып жатырмыз. Солардың барлығы жұмысымыздың нәтижесін жақсартады деген ойдамын", - деді Орталық сейсмикалық обсерватория басшысы Жансая Досымбекова.

Еске салайық, алдағы уақытта шаһарда тағы 70 сейсмикалық стансаны іске қосу жоспарланып отыр. Ал тұрғындардың жер сілкінісіне дайындығын пысықтау мақсатында шаһарда жыл сайын түрлі арнайы оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылып келеді. Соның бірі 17 қазанда болды. Дәл сол күні Mass Alert жүйесі де сынақтан сәтті өткізілген еді.  

Рүстем Айткәрім, Әлішер Ерғалиұлы, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматының Түрксіб ауданындағы газ құбыры қалпына келтірілді, полиция тергеу амалдарын бастады

Новости партнеров