Жаңа қондырғы Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған "Таза Қазақстан" науқаны аясында орнатылды
Алматыда іске қосылған қар еріту пункті осы уақытқа дейін 23 мың текше метрден астам ақ ұлпаны суға айналдырған. Жаңа қондырғы Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған "Таза Қазақстан" науқаны аясында орнатылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматыда қар тазалау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Коммуналдық қызмет мамандары бұл шаруаға білек сыбана кіріскен. Майрамбай Ерсайынұлы көше тазалығына жауапты мекемеде 10 жылдан бері жұмыс істейді. Оның айтуынша, тың технологиялардың арқасында жұмыс әлдеқайда жеңілдей түскен.
"Бұрын "КамАЗ" көлігіне қолмен салған күндеріміз болды. Осыжігіттердің бәрі көмектесіп, қарды күрекпен лақтырып, қиналған күндеріміз өткен. Қазір техникалар жылдан жылға көбейіп жатыр", - дейді "Алматы Тазалық" МКК қызметкері Майрамбай Ерсайынұлы.
Ал жүк көлігіне тиелген қар арнайы пунктке жеткізіледі. Орнатылғанына 15 күн ғана болған құрылғы 23 мың текше метрден көп ақ ұлпаны суға айналдырып үлгеріпті. Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы маманының сөзінше, шаһарда мұндай пунктті іске қосу экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, өмір сүру сапасын жақсартуға септеседі.
"Бүгін жұмысқа 475 арнайы техника мен 1280 адам кірісті. Ал мұндай пунктің ашылуы - қарды қала сыртына шығаруға жұмсалатын уақыт пен ресурстарды едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Бұл арқылы жұмысшылардың ісі жеңілдеп, қала жолдары тез ретке келтіріледі", - деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы Бекежан Алмырза.
Мұнда тәулігіне 1200 текше метр қар өңделеді. Бұл дегеніміз шамамен 100 жүк көлігі. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қалаға қардың соңғы жылдары қалың түсуіне байланысты оны тиімді утилизациялау үшін осы әдісті пайдалануға тура келді дейді.
Қала әкімдігімен кадрлар даярлау туралы меморандум аясында ынтымақтасатын Қазақ автомобиль жолдары институтының оқытушылары мен студенттері жаңа пункттің жұмысымен танысты. Олар көрген-білгенін кәсіби қызметтерінде қолданып, қала үшін неғұрлым тиімді жобалар әзірлеуге тырысатынын айтты.
"Қазақ автомобиль жолдары институтының студенттерін әкеліп, экологиялық таза технологияның іс жүзінде қалай қолданылатынын көріп отырмыз. Мегаполис үшін бұл аса қажет дүние. Шәкірттеріміз үшін де пайдалы болады деп сенеміз", - деді Л. Б. Гончаров атындағы қазақ автомобиль жолдары институтының ректоры Дәурен Есентай.
Айта кетейік, республика бойынша алғаш рет ашылған қар еріту пунктіне Алматының Әуезов, Алмалы және Бостандық аудандарының аумақтарынан қар әкелінеді. Ал ақ ұлпаны еріту үшін бұл қондырғы кәріз жүйесінің жылуын пайдаланады.
Гүлмарал Изатқызы, Рашиддин Якупов, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Биыл Алматыда жаңа спорт кешендері мен мүгедек жандарға арналған орталық құрылысы басталады