"Басып қала ма деп қорқамыз": Оралда тұрғындар ескі үйін апатты деп тануды сұрайды

Соңғы 5 жылда көпқабатты үй тұрғындарының түн ұйқысы төрт бөлінген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

"Баспанамыз кез келген сәтте құлауы мүмкін". Оралда жарты ғасыр бұрын тұрғызылған үй тұрғындары осылай деп дабыл қағуда. Олардың айтуынша, соңғы уақытта пәтерлерінің қабырғалары жарықтанып, төбеден сылақ үгітіліп түсіп жатыр. Жүзден астам адам жергілікті биліктен бұл үйді апатты деп тануды сұрап отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Соңғы 5 жылда бұл көпқабатты үй тұрғындарының түн ұйқысы төрт бөлінген. Олардың айтуынша, пәтерлерінің қабырғалары сөгіліп, жарықшақтар көбейген. Осыдан 17 жыл бұрын бұл үйге модернизация жасалған. Алайда түйткілдерді түбегейлі шеше алмапты.

"Мен мұнда 2008 жылы көшіп келдім. Сол жылдары үй жөндеу жұмыстарын өтті. Асфальт төселді, бордюр мен ойын алаңын салды, үй жарықшақтарын бітеді. Жарықтың бәрі соның астында қалды. Қазір ешқандай жөндеу жұмыстарын істеп жатқан жоқ", - деді қала тұрғыны Жұмағали Шукранов.

Тұрғындардың мазасын қашырған тағы бір мәселе – суға толы жертөле. Сасық иіс қабырғаларына сіңіп, бүкіл үйге жайылыпты. Шыдамы таусылған жұрт жергілікті биліктен бұл үйді дереу тұруға жарамсыз деп тануды талап етуде.

"Бұл үйде көпшілігі - мүгедектігі бар жандар, көпбалалы аналар. Біз көмек сұраймыз. Үйіміз құлайын деп тұр. Жертөленің барлығы шіріп тұр. Мына қаңылтырдан ештеңе көрінбейді. Қабырғадан жарық шығып тұр. Түн ішінде балаларды да, бізді деп басып қала ма деп қорқамыз", - дейді қала тұрғыны Гүлім Зейноллаева.

Бұл қирау алдында тұрған бес қабатты үйде жүзден астам адам тұрады. Алайда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы өкілдері ғимаратты ресми түрде апатты деп тануға асығар емес. Олардың айтуынша, алдымен сараптама жасалуы тиіс. Ал оны тұрғындардың өздері жүргізуі керек екен.

"Бұл үй апатты үй қатарында емес. Апатты деп тану үшін алдымен тұрғындар техникалық қорытынды жасау керек. Одан кейін арнайы аккредиттелген ұйымдарды табуы тиіс. Мұндай ұйымдардың тізімі ғаламтор беттерінде ашық жарияланған. Қорытынды жасағаннан кейін бізге өтінішпен келіңіздер. Содан кейін ғана біз апаттық үйлер тізіміне қосамыз", - деді ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Әділбек Өтеғалиев.

Айта кетейік, Орал қаласында 50-ден астам үй апатты деп танылған. Олардың көпшілігі ескі, екі қабаттан тұрады. Егер аз уақытта бұл пәтерлер тұруға жарамсыз деп танылса, тұрғындар жалға берілетін үйге кезекке тұра алады.

Мәди Мәлік, Рустам Машарипов, "Алматы" телеарнасы, Орал

Оқи отырыңыз: Еш ескертусіз қымбаттатқан: Атырауда саяжай тұрғындары жарық тарифінің күрт өскеніне наразы

Новости партнеров