Алматыда әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған шаруалар қарқынды жүзеге асып келеді
"Еңбек – бейнет емес, зейнет". Ал сол зейнетке жету үшін қарапайым жұмыста тер төгіп жүрген жандарсыз қоғамның дамуы мүмкін емес. Алдағы 5 жылда елімізде дәл осы қат мамандық иелеріне сұраныс артпақ. 2030 жылға дейін 403 мың жұмысшы қажет екен. Ал Алматыда халықты жұмыспен қамту қалай жүріп жатыр? Жалпы елдегі ахуал қандай? Бұл жөнінде Аlmaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт айтып бермек.
Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жыл "Жұмысшы мамандығы жылы" деп жарияланғалы бері аталған салаға ерекше ден қойылып отыр.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәлімдеуінше, елімізде алдағы 5 жылда 1 миллион 600 мыңнан аса кадр қажеттілігі туындайды. Соның ішінде техникалық білімі бар 875 мың адам сұранысқа ие болса, оның 400 мыңнан астамы жұмысшы мамандар екен.
Бұл ретте көшті ең алдымен құрылысшылар бастап тұр. Олардың тапшылығы 25 пайызды құрайды. Екінші орында ауыл шаруашылығы тұр. Мұнда көрсеткіш 13 пайыз болса, өңдеу өнеркәсібі саласында маман жетіспеушілігі 12 пайыз деп бағаланып отыр. Сондай-ақ транспорт пен білім беруде де қызметкерлер қатарын арттыру жоспарда бар екен. Жалпы 2030 жылға дейін елімізде 25 кәсіп иелеріне қажеттілік туындамақ.
Жоғарыда аталғандардан бөлек, есепшілер, күзетшілер, электриктер мен дәнекерлеушілер, инкассаторлар, дүкен сатушылары, жүргізушілер, кеңсе қызметкерлері, медбикелер мен фельдшерлер, аспаздар мен шаштараздар және сантехниктерге де сұраныс артпақ. Сарапшылардың болжамынша, алдағы 7 жылда халық қалаларға ағыла бастайды. Сондықтан ірі мегаполис саналатын Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жалдамалы 600 мыңға жуық жұмысшы маман қажет болады екен.
Алматыда халықты жұмыспен қамту қалай жүзеге асып жатыр?
Алматыда әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған шаруалар қарқынды жүзеге асып келеді. Былтыр мегаполисте жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздан 4,6 пайызға дейін төмендеген.
Еңбек мобильділігі орталығына 69 мыңнан аса адам жүгініп, олардың 50 мыңы ресми түрде жұмыссыздар санатына еніпті. Кешенді жұмыстардың арқасында олардың 26 мыңға жуығы тұрақты және субсидияланған жұмыс орындарына орналастырылған. Сондай-ақ былтыр зейнет жасындағы азаматтардың әлеуметтік және экономикалық белсенділігін арттыру үшін «Алтын жас» бағдарламасы қолға алынды. Жоба аясында 700-ден аса зейнеткер еңбекпен қамтылыпты. Осылайша, былтыр барлығы 85 мыңға жуық жұмыс орны құрылған. Ал биыл кем дегенде 76 мың азаматтың екі қолға бір күрек табуына мүмкіндік жасалмақ екен.
"Былтыр 3800 адам «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы қолдау тапты. Бұл азаматтардың барлығы - өз ісін енді бастаған кәсіп иелері. Сондай-ақ осы бағдарламаның оқу курсынан 4100 адам өтіп, 25 мың оқушы мен студентке, жұмыссыз жандарға кәсіби бағдар берілді. Осындай кешенді бастамалардың арқасында былтыр тұрақты 72 мың жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі 0,2 пайызға төмендеді", - деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.
Айта кетейік, Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалмақ емес. Мұндай азаматтарды да жұмыспен қамту үшін биылдан бастап 2030 жылға дейін «JOBCOACH» жобасы іске қосылмақ. Алғашқы жылы бұл бағдарламамен 300 адам қамтылады деп жоспарланып отыр.
Өзге өңірлерде жағдай қалай?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 9 миллион 200 мыңнан аса адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Бұл - 2024 жылдың соңғы тоқсанындағы көрсеткіш. Оның ішінде 7 миллион адам жалдамалы қызметкер болса, 2,2 миллионы - өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Жалпы ел бойынша былтыр еңбекке қауқарлы азаматтардың үлесі 95,3 пайызды құраған. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызға жетіпті.
Бұл көрсеткіште көшті Маңғыстау мен Атырау облыстары бастап тұр. Ал Қарағанды мен Ұлытау облыстарында екі қолға бір күрек таппай жүргендер қатары өзге өңірлермен салыстырғанда өте сирек болып шықты. Қазір елдегі барлық 20 өңірдің ішінде тек 9 аймақта жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендеген. Енді жаһандағы жағдайға тоқталсам.
Халықаралық еңбек ұйымының мәліметінше, Қазақстан өкінішке қарай жұмыссыздық деңгейі бойынша Орталық Азия елдерінің ішінде Тәжікстаннан кейінгі орында тұр. Ол мемлекетте көрсеткіш 11 проценттен асса, бізде ол 4,7 пайыз екен. Кейінгі орындарға Өзбекстан, Түрікменстан мен Қырғызстан жайғасыпты. Десе де, әр елде халық саны әр түрлі, экономикалық жағдайы да бірдей емес. Сондықтан еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мемлекетке айналуымыз үшін ең алдымен жұмысшы мамандарды даярлау ісіне аса мән беру қажет екені хақ.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда "Наурыз жұмыскер" жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды