Алматы қаласындағы №11 қалалық емхананың педиатры Асылзат Райқұл — балаларға вакцина егудің маңыздылығы туралы айтты
Соңғы уақытта дәрігерлер ата-аналардың балаларына вакцина салдырудан бас тартуына жиі тап болуда. Бұл жағдай медицина қауымдастығын алаңдатып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы қаласындағы №11 қалалық емхананың педиатры Асылзат Райқұлдың айтуынша, мұндай шешім тек бір баланың ғана емес, оның айналасындағы — балабақшадағы, мектептегі немесе спорт секцияларындағы — бүкіл ұжымның денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Ата-аналардың екпеден бас тарту себептері әртүрлі. Көп жағдайда олар жанама әсерлерден қорқады, интернетте жалған ақпарат тарататын антивакциналық қозғалыс өкілдерінің ықпалына түседі немесе діни наным-сенімдерге сүйенеді. Алайда дәрігердің айтуынша, бұл қорқыныштардың ғылыми негізі жоқ.
Бүгінде вакцина — жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді тәсілі. Екпе инфекция жұқтырудың алдын алып қана қоймай, аурудың ауыр өту қаупін де едәуір азайтады. Қазақстанда балаларға вакцина тегін салынады, бұл — Ұлттық егулер күнтізбесі аясында жүзеге асады. Күнтізбеде вакциналардың түрлері, мөлшері мен енгізілу мерзімдері нақты көрсетілген. Бұл баланың тұрақты иммунитет қалыптастыруы үшін қажет.
«Қызылша, қызамық, паротит, дифтерия, туберкулез сияқты аурулар ауа-тамшы жолымен — жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Балалар күн сайын қатарластарының ортасында, көпшілік іс-шараларда, түрлі ортада жүреді. Олардың арасында медициналық себеппен вакцина салдыра алмайтындар да бар. Жұқпалы аурулардың таралуын тек ұжымдық иммунитет арқылы тоқтатуға болады», — дейді Асылзат Райқұл.
Вакцина салынар алдында әр бала міндетті түрде педиатрдың тексеруінен өтеді. Дәрігер баланың жалпы жағдайын бағалап, қарсы көрсетілімдер бар-жоғын анықтайды, содан кейін ғана вакцинацияға шешім қабылданады. Бұл — баланы барынша қауіпсіздендіріп, екпені дұрыс әрі дер кезінде жүргізуге мүмкіндік береді.
«Күмәні бар ата-аналарға айтатыным: екпе — өмірлік маңызды. Қазір көптеген инфекциялар агрессивті бола түсті. Егер балаға вакцина салынбаса, оның мықты иммунитеті қалыптаспайды, ал инфекция жұқтырған жағдайда ауру ауыр өтуі мүмкін, тіпті өлімге әкелуі ықтимал», — деп ескертеді маман.
2025 жылғы 1–30 сәуір аралығында №11 қалалық емханада Еуропалық иммундау апталығына орай балаларды иммундау айлығы өтуде. «Балалардың денсаулығы — өз қолымызда» ұранымен өтіп жатқан шара халықтың вакцинацияның маңызы мен бала денсаулығын қорғау жайлы хабардарлығын арттыруды көздейді.
Айлық аясында тұрғындар педиатрдың кеңесін алып, тексеруден өте алады және қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда, баласына жасына сәйкес және ұлттық күнтізбе бойынша вакцина салдыра алады. Медициналық қызметкерлер ата-аналарды шешімді кейінге қалдырмай, балаларының жарқын болашағы үшін маңызды қадам жасауға шақырады.
«Өзіңізді және жақындарыңызды инфекциядан қорғаңыз. Вакцинаны уақытында салыңыз!» — дейді маман.
Оқи отырыңыз: Қолжетімді медицина: Алматыда 6 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтеді