Қала бойынша 44 мыңнан астам азамат үй кезегінде тұр
Биыл Алматыда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 7 мыңнан астам пәтер беріледі. Оның 20 пайызы жетім балалар мен әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын топтарға бөлінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
19 жастағы Томирис Икабаева кішкентайында ата-анасынан айырылып, ата-апасының қамқорлығында өскен. Немересінің болашағын ойлаған әжесі оны бала күнінде үй кезегіне қойған. Уақыт өте келе кезегі жетіп, былтыр бір бөлмелі, 50 шаршы метрлік пәтердің иесі атанған.
«Әжем 2014 жылы мені үй кезегіне қойыпты. Арада 10 жыл өтті, 2024 жылдың тамызында баспанама қол жеткіздім. Қолыма пәтерімнің кілтін алған сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Үйімнің табалдырығын аттағанда, ұзақ күткен арманымның орындалғанын сезіндім. Ұзақ жыл күткен әр адам үшін үлкен қуаныш деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Томирис Икабаева.
Екі баланың анасы Анастасия да – өткен жылы баспаналы болғандардың бірі. Ол жылдар бойы пәтерден пәтерге көшіп, балаларының өз үйінде өсуін армандаған. 2016 жылы толық емес отбасы ретінде үй кезегіне тұрып, сегіз жыл өткен соң дегеніне қол жеткізген. Әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы аясында ол екі бөлмелі пәтердің кілтін қолына алды.
«2016 жылы үй кезегіне тұруға өтініш бердім. Ол кезде толық емес отбасы ретінде тіркелдік, себебі балаларым 18 жасқа толмаған. Алғашқы жылдары кезегімді жиі тексеріп жүрдім, бірақ уақыт өте келе күнделікті тіршілікпен жүріп, оны мүлдем ұмытып кетіппін. Көп уақыт өтті, былтыр желтоқсанда маған хабарласып, баспанам болатынын айтты. Қуанышымда шек болмады! Балаларымның өз бөлмесі бар. Бұл – мен үшін үлкен бақыт», – деді қала тұрғыны Анастасия Цыбулина.
Ал биыл 7 284 алматылық жаңа пәтерінде қоныс тойын тойлайды. Оның екі мыңы – тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар. Олардың қатарында жетім балалар, көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен бюджеттік сала қызметкерлері.
«Өткен жылы кезекте тұрғандарға 2 мың пәтер бөлінген. Ол 2 мың пәтердің 20 пайызы Тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес, яғни 400 пәтер жетім балаларға беріледі. Тура сондай тәртіппен биыл да қала әкімінің тапсырмасымен кезекте тұрғандарға әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 2 мың пәтер бөлу жоспарда бар», – деді Коммуналдық инфрақұрылым басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы.
Айта кетейік, қала бойынша 44 мыңнан астам азамат үй кезегінде тұр. Ал былтыр 5594 адам мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары шеңберінде баспаналы болған. Оның ішінде 404 пәтер ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға бұйырған.
Гүлмарал Изатқызы, Мәди Мәлікұлы, Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Алматы - ортақ үйіміз: «Саялы» саябағы абаттандырылды