Заңсыз салынған нысандар: Алматыда талапты орындамағандарға қандай шара қабылданады

24.01.2025 13:47

Бүгінге дейін қаладағы кәсіп иелеріне 200-ден аса хабарлама берілген

Алматыда заңсыз салынған нысандар 27 қаңтардан бастап сүріледі. Қазірдің өзінде қаланың әр ауданында арнайы комиссия құрылып, мамандар тексеріс жұмысын бастап кеткен. Мәселен, жыл басынан бері 500-ге жуық заңбұзушылық анықталған. Талапты орындамаған кәсіпкерлерге қандай шара қарастырылып отыр? Ал түсіндірме жұмысы қашанға дейін жалғасады? АlmatyTV тілшісі анықтап көрді.

Арнайы комиссия мүшелері тексеріс кезінде Медеу ауданында да заң бұзғандарды анықтады. Мәселен, Тәттімбет көшесінің бойында орналасқан нысандар бүгінде тиісті талапты ескерместен жұмыс істеп тұр. Түсіндірме барысында дүңгіршек қызметкерлеріне хабарлама таратылды.

"Түсіндірме жұмысы жүргізілді. Оның аясында мемлекет меншігіндегі жер учаскелерін заңсыз иемденгендерге хабарлама таратылды. Арнайы комиссия 27 қаңтарға дейін қолданыстағы заңнама бойынша түсіндірме жұмысын жүргізіп, жерді босату туралы ескертпе береді. Коммуналдық қызмет өкілдерінің көмегімен нысандар электр және су желілерінен ажыратылады", - деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Әлішер Сатыбалдиев.

Ал егер кәсіпкерлер хабарламаны алғанымен, заңды орындағысы келмесе, нысандарды өз еркімен алып, жерді босатпаса, дүңгіршектер мәжбүрлі түрде бұзылады. Атап өтерлігі, күні бүгінге дейін қаладағы кәсіп иелеріне 200-ден аса хабарлама берілген.

"2025 жылдың 27 қаңтары мен 17 ақпаны аралығында жаппай бұзылу жүргізіледі. Бұл процесс барлық аудандарда арнайы жұмыс комиссияларының өкілдерімен іске асырылатын болады. Оның ішінде прокуратура, полиция, мәслихат депутаттары және "Атамекен" ҰКП-ның өкілдері жүргізеді", - деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы стратегиялық даму бөлімінің басшысы Әбілқайыр Аймұхамбет.

Еске салайық, Алматы қаласында бүгінде стационарлық емес сауда объектілерін орналастыруға арналған 142 орын белгіленіпті. Нысан иелері сол жерлерде жұмысын заңды түрде жалғастыра алады. Ал бұдан бөлек, шаһарда көше саудагерлерімен де күрес қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, қазірдің өзінде 1,2 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Рүстем Айткәрім, Хангелді Ахметханов, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматының Алмалы ауданы тұрғындары орталық коммуникацияларға қосылады