Жинақта қауіпті жағдайда аман қалу жолдары егжей-тегжейлі жазылған
Жабайы табиғатта адасу, сапар кезіндегі күтпеген оқиғалар мен жапа шеккендерді құтқару амалдары қандай? Алматыда бүгін осы тақырыптағы ақпараттар жинақталған "Қауіпсіздік сабақтары" атты кітаптың тұсауы кесілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл еңбек – 35 жылдық тәжірибесі бар, белгілі альпинист Бағлан Жүнісовтің тәжірибесі мен сынақтарынан туған нұсқаулық. Жинақта қауіпті жағдайда аман қалудың жолдары, тауға шыққанда немесе табиғатта жан сақтау ережелері мен сапарға қажетті дайындық туралы егжей-тегжейлі жазылған.
Автордың айтуынша, бұл туынды тек кәсіби альпинист немесе экстремалдарға ғана емес, кез келген адамға пайдалы бола алады. Шымбұлақ тау-шаңғы курортында өткен жиынға кәсіби спортшылар мен ата-аналар да қатысты.
"Бұл кітап өмірді қалай қорғау керек екенін үйретеді. Біздің әрқайсымыз күтпеген жағдайда не істеу керек екенін білуіміз қажет. Өмірімізде қауіп қайдан келетінін ешқашан болжай алмаймыз, бірақ оған дайын болуға болады. Кітап тек тауда емес, жер сілкінісі, топан су сынды кез келген техногендік апатта аман қалудың жолын қарастырады", - деді альпинист Бағлан Жүнісов.
Оқи отырыңыз: Қысқы жазатайым оқиғалардың алдын алу: Алматыда арнайы іс-шара ұйымдастырылды