Жеңіс-80: Алматыда қандай іс-шаралар өтеді

13.02.2025 15:25

Қалалық ардагерлер кеңесінің пленумы өтті

Алматыда қалалық ардагерлер кеңесінің пленумы өтті. Жиында Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспары талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мерейтой аясында ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсету, тарихи ескерткіштерді жаңарту және әскери-патриоттық шаралар өткізу мәселелері қарастырылды. Осы мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылып, нақты міндеттер белгіленді. Ардагерлер кеңесінің төрағасы пленумда көтерілген бастамалардың маңыздылығына тоқталып, мерейтойлық іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет екенін атап өтті. 

"Бұл – өте үлкен, тарихи шара. Ал пленумда ұсыныстар айтылды. Оның барлығы жеңістің 80 жылдығына байланысты бағдарламаға енгізіледі деп ойлаймын. Бәріміз жұмылып, мейрамды абыроймен өткізейік", – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Бижанов.

Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Алматыда ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілмек. Қала әкімі орынбасарының мәлімдеуінше, соғыс ардагерлеріне 5 миллион, ал тыл еңбеккерлеріне 100 мың теңгеден қаржылай көмек беріледі. Жеңіс үшін жан аямай күрескен 38 майдангерге арнайы мерейтойлық медаль табысталып, олар медициналық көмекпен қамтылады.

Алматыдағы ескерткіштер мен мемориалдар қайта жөндеуден өтіп, 40 мың жеңіс лентасы дайындалмақ.

"Мерейтойлық салтанатты іс-шараларды дайындау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қала әкімінің қатысуымен жиналыстар өтті. Бірқатар тапсырмалар берілді. Ең бастысы, соғыс ардагерлеріне ай сайын медициналық көмек көрсетіліп, үйіне барып, бақылау жүргізіледі. Сондай-ақ ақпаннан бастап майдангерлердің ескерткіштерін жөндеу және жерлеу орындарын абаттандыру жұмыстары қолға алынады", – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі тұрғындардың кәуапханаға қатысты шағымына жауап берді