Олар қателіктерді түзеп, 3 айдан кейін қайта банкроттыққа өтінім бере алады
Наурыздан бері өзін банкрот деп жариялауды сұраған 51 мыңнан астам азаматының өтініші қабылданбады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Кірістер комитеті әрбір кері қайтарылған құжатқа нақты себеп бар деп отыр. «Несие төлеуге мүмкіндігім жоқ» деген кейбір борышкерлердің депозитте жиғаны бар болып шыққан.
Несие төлей алмайтындарқа қолдау болатын арнайы заң қабылданғаннан кейін алғашқылардың бірі болып өтініш берген - алматылық Гауһар Дауылжанқызы. Бала күтімі бойынша демалыста отырған келіншек банкроттық туралы заң талаптарына жүгініп, 1 миллион теңгеге жуық қарызын кешіруді сұраған.
- Ол қаражат үйге керек болды. Мен өзім банкроттыққа наурызда бірінші болып тапсырдым. Ол кезде дұрыс есептемеппін, 12 айға толмапты. 15-20 күннің ішінде өтінішім қабылданбады деген хабар алдым. Үш айдан кейін қайтадан келіңіз деді. Келдім, қайта тапсырдым. Қабылданды, - дейді қала тұрғыны Гауһар Әбдібаева.
Яғни, банк алдындағы берешегін үздіксіз 1 жыл төлей алмағандардың өтініші бірден қабылданады. Кірістер комитетінің мәліметінше, өзін банкрот деп тануды сұрағандардың көбі дәл осы мерзімге жетпей жатып өтініш беріп жатыр екен. Сондай-ақ қарызы шекті сомадан, яғни 5 миллион 520 мың теңгеден асып кеткендер де берешегін кешіруді сұраған. Тіпті, атында тіркелген мүлкі, ашылған депозиті барлар да несиені қайтаратын мүмкіндігіміз жоқ деп жазған дейді мамандар.
-Кейбір азаматтардың атында ЖШС бар екені, сонымен қатар кәсіпкерлігі бар екені анықталды. Сонымен қатар бағалы қағаздары, депозиттері бар екені анықталды. Кейбір азаматтар мен бұл несиемді төлемегеніме 12 айдан асып кетті деп айтады. Бірақ белгілі бір себеппен оның несие төлемін біреу жасап отырғаны анықталады. Әрине, бұл мәселені азамат өзі көтеріп, ары қарай банкке хабарласып шотына кімнің несие өтегенін анықтай алады,- ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Айнұр Сартаева.
Ал несиені төлей алмай жүргенде шотыңызға танысыңыз қаражат жіберсе, ақша бірден мерзімі өтіп кеткен төлемге деп аударылатыны белгілі. Несие жартылай өтелсе де, банкроттыққа ілігу мүмкін емес. Сондықтан әлеуметтік жағдайыңызды банкке барып, алдын ала ескертуіңіз қажет дейді мамандар. Осындай сан түрлі себептің салдарынан алты айдың ішінде 63 мыңға жуық азаматтың 80 пайызының өтініші кері қайтарылған. Десек те, олар жіберілген қателіктерді түзеп үш айдан кейін қайтадан банкроттыққа өтінім беруге құқы бар.