Алматыда қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселесі талқыланады

29.11.2021 16:54

Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин қаланың өзекті мәселелерін талқылау үшін осы алаңның маңыздылығын атап өтті

пресс-служба акима Алматы

Almaty Investment кезекті форумы қарсаңында Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде ұйымдастырушылар іс-шарада қандай мәселелер талқыланатыны және осы жылы қандай форматта өтетіні туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин қаланың өзекті мәселелерін талқылау үшін осы алаңның маңыздылығын атап өтті.

Е. Оразалин Almaty Investment – кәсіпкерлікті дамыту мен қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруды талқылауға арналған басты инвестициялық форум екенін еске салды. Инвестфорум 2013 жылдан бері өткізіліп келеді және бүкіл әлемнің мемлекеттік сектор, бизнес басшылары мен инвестициялар мен инновациялар саласындағы жаһандық көшбасшылардың кездесуіне арналған эксклюзивті алаң болып қала береді. Биыл Форум Іскерлік кеңеспен бірлесіп екінші рет ұйымдастырылды.

"Биыл инвестфорумда Алматы үшін стратегиялық мәселелер – агломерация, урбандалу, цифрлық трансформация және адами капиталды интеграциялау талқыланады", – деп хабарлады басқарма басшысы.

Осы форум аясында қала әкімдерімен «Жаңа Жібек жолы мегақалалар» телекөпірі, қазақстандық және шетелдік компаниялардың сарапшылары мен ірі өкілдерінің қатысуымен панельдік пікірталастар, «Жыл жобалары» көрмесі өтеді, онда Алматы қаласының алдыңғы қатарлы жобалары мен бастамалары ұсынылады.

Сонымен қатар биыл Алматының Іскерлік кеңесі алғаш рет әлеуметтік жобалар конкурсына бастамашы болды, оның қорытындысы бойынша үздіктерді кеңес мүшелері мен қала меценаттары қаржыландырады.